Жаңалықтар

Халық дауысы мен жауапкершілік жүгін арқалаған жыл: Абай облыстық мәслихатының 2025 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары

 

Шалқар БАЙБЕКОВ, Абай облысы мәслихатының төрағасы

Абай облыстық мәслихаты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, мәслихат Регламентіне және жыл сайынғы жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады. 2025 жылы мәслихат қызметі облыс әкімдігі, жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, Қоғамдық кеңес, қоғамдық ұйымдар және саяси партиялармен өзара іс-қимылда ұйымдастырылды. Мәслихат жұмысының негізгі мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған шешімдер қабылдау.

Абай облыстық мәслихаты 30 депутаттық мандаттан тұрады. Есепті жылы 29 депутат өз өкілеттіктерін жүзеге асырды. Депутаттық корпустың партиялық құрамы: «AMANAT» партиясынан – 24 депутат; «Respublica» партиясынан – 1 депутат; Қазақстан Халық партиясынан – 1 депутат; партияда жоқ – 3 депутат. Депутаттар – өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, шағын және орта бизнес, мәдениет, спорт және басқа да салаларда қызмет атқаратын тұлғалар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мәслихат депутаттарының II республикалық форумында мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі институты екенін атап өтіп, депутаттардың кәсібилігін жүйелі арттырудың маңызын көрсетті. Осыған сәйкес 2025 жылы 21 депутат Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалында біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Бұл жергілікті бюджет қалыптастыру, өңірлік даму бағдарламаларын талдау, нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарау сапасын арттыруға ықпал етті.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес мәслихат өз өкілеттігі мерзіміне тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялар – мәслихат қызметінің негізгі жұмыс тетігі, олар салалық мәселелерді алдын ала қарап, қорытынды мен ұсынымдар әзірлейді. Абай облыстық мәслихатында 5 тұрақты комиссия жұмыс істейді:

  1. Экономикалық, қаржылық және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссия
    Төрағасы: Хазипов Рафаиль Сайтмагруфович.

    Комиссия облыстық бюджет, салық және бағалар саясаты, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық жобалар, қаржылық түсімдер мен шығыстардың тиімділігі мәселелерін қарайды.

  2. Агроөнеркәсіптік кешен және экологияны дамыту жөніндегі тұрақты комиссия
    Төрағасы: Майжанов Уалихан Төкенұлы.

    Комиссия ауыл шаруашылығы, жайылымдарды пайдалану, су ресурстары, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін зерделейді.

  3. Әлеуметтік қорғау, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спортты дамыту жөніндегі тұрақты комиссия  Төрайымы: Молдашева Рыиза Асанқызы.

    Комиссия тұрғындарды әлеуметтік қолдау, білім беру жүйесінің дамуы, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасы, мәдениет пен спорт инфрақұрылымының жағдайы бойынша мәселелерді қарайды.

  4. Өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия
    Төрағасы: Қайрамбаев Бауыржан Сейтжапарұлы.

    Комиссия өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы, жер қойнауын ұтымды пайдалану, өндірістік қауіпсіздік, энергетика және инфрақұрылым нысандарына қатысты мәселелерді талдайды.

  5. Депутаттық өкілеттік, этика және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия
    Төрайымы: Чегедекова Шолпан Багланқызы.

    Комиссия депутаттық этика нормаларының сақталуы, құқықтық тәртіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында ұсыныстар әзірлейді.

Есепті кезеңде тұрақты комиссиялар 16 отырыс өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға, экологияға, көлік және коммуникацияға, әлеуметтік қорғау мен білім беру саласына, мемлекеттік қызметтердің сапасына, жастар саясаты мен спортты дамытуға қатысты негізгі мәселелерді қарады. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері қатысты. Қаралған мәселелер бойынша ұсынымдар қабылданып, олардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілді.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін ірі жобалардың іске асырылуын зерделеу мақсатында мәслихат жанынан аймақтағы инвестициялық бастамалардың тиімділігі мен орындалу барысын қадағалайтын мониторингтік комиссия жұмыс істеді. Комиссия жол инфрақұрылымына, инженерлік желілерге қатысты мәселелерді талдап, уәкілетті органдарға нақты ұсыныстар берді.

Сонымен қатар мәслихатта «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістерді талқылау және олардың өңір деңгейінде тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс тобы құрылды.

Этносаралық келісім мен әлеуметтік бірлікті нығайту да мәслихат қызметінің маңызды бағыты болып қала береді. Осы мақсатта «Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл» депутаттық тобы жұмыс істеп, этномәдени бірлестіктермен кездесулер өткізді және олардың ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп отырды.

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты мәслихат жанындағы «Еңбек» депутаттық тобы өндіріс орындарына барып, еңбек ұжымдарының әлеуметтік жағдайы мен құқықтары бойынша бастамаларын зерделеді.

Абай облыстық мәслихатында «AMANAT» партиясының фракциясы тіркелген. Фракция мәслихаттың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерді тұрақты түрде көтеріп келеді.

Абай облыстық мәслихаты қызметінің негізгі нысаны – сессия. Сессияларды дайындау және өткізу Регламентке және бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.

2025 жылы мәслихат 4 кезекті және 4 кезектен тыс – барлығы 8 сессия өткізіп, 40 шешім қабылдады. Оның 9-ы нормативтік-құқықтық сипатқа ие болып, Әділет органдарында тіркеуге ұсынылды және нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкіне енгізілді. Сессияларда 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы, Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту, облыстық және қала/аудан бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дамыту, сумен, жылумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы мен жолдарды дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды дамыту мәселелері.
Абай облысының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітіліп, әлеуметтік мәні бар қатынастар тізбесі айқындалды. Бұған дейін қоғамдық көлік қатынасы жеткіліксіз болған бірқатар ауылдық және қала маңы елді мекендерге жаңа тұрақты автобус бағыттары ашылды. Атап айтқанда, «Семей–Әуезов», «Семей–Шар», «Семей–Старая крепость», «Семей–Курчатов», «Семей–Бесқарағай–Қоянбай», «Семей–Көкпекті», «Семей–Жезкент», «Семей–Жерновка», «Семей–Жаңа Шүлбі–Песчанка», «Семей–Қалбатау–Жаңғызтөбе», «Семей–Қарағайлы ауылы», «Семей–Шүлбі», «Семей–Қайнар», «Семей–Ақсуат», «Семей–Қарауыл» бағыттары реттелді. Бұл шешімдер ауыл тұрғындарының ірі орталықтармен байланысын жеңілдетуге және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталды.

Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында облыста ортақ су пайдалану қағидалары қабылданды, сондай-ақ «Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Тұрғындардың денсаулығын қорғау және әлеуметтік осал санаттарға медициналық көмек қолжетімділігін арттыру бағытында «Амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы» шешіміне түзетулер енгізілді. Нәтижесінде анакинра, тоцилизумаб, ритуксимаб, топирамат, «Депакин Хроно», азатиоприн, метилпреднизолон секілді бұрын көпшілікке қолжетімділігі төмен қымбат препараттар қатары кеңейді.

Жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша, үнемделген қаражатты басым бағыттарға қайта бөлу мақсатында облыстық бюджет жыл ішінде 4 рет нақтыланды. Игерілмеген қаржы көлемі бойынша мәселелер ашық қаралып, қаржы жоспарлау мен жобаларды уақтылы іске асыруға қатысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар берілді.

2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа редакциядағы Салық кодексіне сәйкес, мәслихаттарға оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша базалық мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендету немесе 6 пайызға дейін арттыру құқығы берілді.

Бұл мәселе Абай облысында кәсіпкерлердің, өңірлік бизнес-қауымдастықтың, Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлік субъектілерінің пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып, облыстың барлық қала-ауданы үшін арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 2 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім шағын және орта бизнестің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталды.

Депутаттық корпустың қызметінде сайлаушылармен кері байланыс маңызды орын алады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс», – деп атап өткен еді. 2025 жылы депутаттардың жеке қабылдауына 897 тұрғын жүгінді. Барлығы 354 жазбаша және ауызша өтініш тіркеліп, әр өтініш жеке тәртіпте қаралды. Өтініштердің басым бөлігі:

  • тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  • медициналық қызмет көрсету сапасы;
  • жолдардың жағдайы және қоғамдық көлік қозғалысы;
  • спорттық және балалар ойын алаңдарын салу;
  • елді мекендерді абаттандыру мәселелеріне қатысты болды.

Мәслихат депутаттары тиісті мекемелерге 68 депутаттық сауал және сұрау хат жолдады, сессиялар мен комиссия отырыстарында 21 депутаттық мәселе көтерілді. Бұл мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға және мәселелердің жедел шешілуіне ықпал етті.

Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелері ерекше назарда ұсталды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, тұрғын үй бөлу функциялары «Отбасы банкіне» берілгеннен кейін азаматтар тарапынан көптеген сұрақтар туындады. Осыған байланысты депутаттық корпус көпбалалы аналармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.

Нәтижесінде мәслихат депутаттары «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына және Мәжіліске ұсыныстар жолдады. Онда:

  • «көпбалалы отбасы» санатын заңда жеке санат ретінде айқындау;
  • «Отбасы банкі» көрсететін операциялық қызметтерді оңтайландыру және жеделдету;
  • тұрғын үй кезегін жүргізу мен бөлу процесінің ашықтығын арттыру;
  • Семей ядролық полигонының әсер ету аймағында тұратын немесе сол жерде туған азаматтарға тұрғын үй бойынша қосымша жеңілдіктер қарастыру сияқты бірқатар бастама қамтылды.

Бұл жұмыстар мәслихаттың халықпен ашық диалог орнатуға және азаматтардың нақты ұсыныстарын заңнамалық деңгейге дейін жеткізуге ұмтылысын көрсетеді.

Абай облысы мәслихаты өңірдегі азаматтық қоғам институттарын дамыту бағытын да жүйелі түрде жалғастыруда. 2025 жылғы маңызды шаралардың бірі – Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын қалыптастыру болды.

«Қоғамдық кеңес туралы» Заңға сәйкес, 2022 жылы құрылған Қоғамдық кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты кеңестің жаңа құрамы ашық іріктеу рәсімдері арқылы жасақталды. Бұл процеске үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері, кәсіби қауымдастық өкілдері кеңінен тартылып, ашықтық және жариялылық қағидаттары сақталды.

Сонымен қатар қоғамдық және мәдени іс-шараларға ерекше көңіл бөлінді. Өңірде облыс әкімі Берік Уәлиұлының басшылығымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы ауқымды деңгейде аталып өтті. Мерейтой аясындағы бағдарламаларды іске асыруға депутаттар да қолдау көрсетіп, жас буынның Абай мұрасын терең тануына, өңірдің рухани-мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған бастамаларға атсалысты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен «SENAT OPEN» шахмат турнирінің аймақтық іріктеу кезеңі Семей қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Турнирге Абай, Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласының депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Бұл жоба өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, балалар мен жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Депутаттар облыс әкімі Берік Уәлиұлының үндеуін қолдап, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты. Сонымен бірге әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, «Мектепке жол» және өзге де қайырымдылық акцияларына да белсенді түрде үлес қосып келеді.

Мәслихат аппаратының кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында қала және аудан мәслихаттарының мамандары облыстық мәслихатта тағылымдамадан өтті. Облыстық мәслихаттың бірқатар қызметкерлері тәжірибе алмасу үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына жіберілді.

Абай облыстық мәслихаты 2025 жылы өз өкілеттігі шегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізді.

Алдағы кезеңде:

  • облыстық бюджеттің тиімді орындалуына парламенттік-бақылауды күшейту;
  • өңірдің даму жоспары көрсеткіштерінің уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету;
  • коммуналдық инфрақұрылым, жол, су, жылу, экология және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу;
  • кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау;
  • азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын уақтылы қарау және оларды шешу жөніндегі жұмысты жалғастыру негізгі міндеттер ретінде айқындалды.

Мәслихат депутаттары алдағы уақытта да заңнама талаптарына сәйкес, сайлаушылардың мүдделерін ескере отырып, Абай облысы тұрғындарының игілігі үшін жауапты әрі жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырады.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button