Жаңалықтар

Ұлытау облысында діни бірлестіктер клубының қорытынды жиыны өтті

 Ұлытау облысы Діни бірлестіктер басшылары Клубының кезекті қорытынды отырысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Жиынға өңірде тіркелген және белсенді қызмет атқарып жатқан түрлі діни бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.

Клуб жұмысының негізгі мақсаты – өңірдегі түрлі сенім мен конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, дінаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, сонымен қатар қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау болды.

Отырыста қатысушылар діни бірлестіктердің қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, әлеуметтік ынтымақтастықты арттыру және діни саладағы жауапкершілікті күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық құндылықтарын насихаттау мақсатында қатысушыларға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар діннің адамгершілікке үндейтін рөлін, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын насихаттаудағы рөлін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, рухани тазалық пен парасаттылықты арттыру мәселелері де көтерілді.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, өңірдегі діни бірлестіктер тарапынан бірқатар конструктивті ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, қатысушылар қазақ тілінің курсын ашу және оған белсенді қатысу жөнінде бастама көтеріп, бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Жиын соңында облыс халқының рухани құндылықтарын дамытуға, дінаралық келісімді нығайтуға және өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін діни бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Қатысушылар мұндай іс-шаралардың қоғамда парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарын ілгерілетуге оң ықпал ететінін атап өтті және болашақта осындай кездесулерді дәстүрлі түрде өткізуге ниет білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button