Таеквондодан екі дүркін ел чемпионы Өскеменде ант қабылдады

Таеквондо спортынан екі дүркін ел чемпионы қатардағы жауынгер Абзал Әсембай «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінде ант қабылдады. Ұлттық ұлан сапына Алматы облысынан шақыртылған спортшы тоғыз жасынан бастап бұл спортпен айналысады.
– Әскери ант – ер азаматтың ел алдындағы жоғары жауапкершілігін халықтың алдында адал ниетіне салтанатты түрде сендіруі мен уәде беруі болып табылады. Жаугершілік замандарда сарбаздар елдің еркіндігі, намысы үшін жан аямасқа серттесіп, қылыштың жүзін сүйіп ант берген. Міне, сол үрдістің ізін жалғап, менің де Отан алдындағы борышымды өткеретін сәт келді. Әр азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеу қажет деп санаймын, дейді қатардағы жауынгер Абзал Әсембай.
Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқаруға серт берген салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары, ардагерлер, әскери бөлім басшылығы және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев қатысты. Қолбасшы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ант қабылдаған жауынгерлерге жүрекжарды жылы лебізін жолдады. Абай, Жетісу, Павлодар облыстарынан және Алматы, Астана қалаларынан шақырылған екі жүзге жуық мерзімді қызметтегі сарбаз сап түзеп, ант мәтінін дауыстап оқып, елге адал қызмет етуге уәде берді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



