Жаңалықтар

Қылмыс деңгейі төмендеді, суицидке жол берілмеді: Өскемен гарнизоны әскери прокуратурасы жыл қорытындысын шығарды

Әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі конституциялық міндеттерін орындай отырып, Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы ең алдымен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ армия ортасында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріп келеді.

 

Өздеріңізге мәлім, әскери тәртіп — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің табысты дамуының негізгі кепілдерінің бірі және жалпы алғанда әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйін айқындайды. Ал оның басты көрсеткіші — қылмыс деңгейі.

 

Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы гарнизонның әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының жұмысын «Әскердегі заң және тәртіп», сондай-ақ «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламалары аясында тұрақты түрде үйлестіруде.

 

Аталған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы армиядағы қылмыс деңгейі 12,5 пайызға төмендеп (16-дан 14-ке), мерзімді әскери қызметшілер арасында суицид фактілеріне жол берілмеді.

 

Сондай-ақ әскери қызметшілер тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар санының 5 пайызға азайғаны байқалады (1376-дан 1310-ға дейін). Әскери қызметшілер арасындағы жарақаттану деңгейі де 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 21 пайызға төмендеді (111-ден 88-ге дейін).

 

Әлеуметтік құқықтар — басты назарда

 

Бұрынғыдай, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік құқықтары, кепілдіктері мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ тұрғын үй заңнамасының сақталуы ерекше бақылауда.

 

2025 жылы жүргізілген бастамашылық талдаулар барысында тұрғын үй төлемдері, ақшалай қамтамасыз ету, жалақы, көтерме жәрдемақылар, іссапар шығындары және өзге де үстемақылар бойынша 2,5 млн теңгеден астам сомаға құқық бұзушылықтар анықталды.

 

Барлық анықталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, нәтижесінде 74 адамның, оның ішінде 58 конституциялық құқығы, сондай-ақ 16 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

 

Қазіргі уақытта әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарының сақталуына қатысты — тамақтандыруды ұйымдастыру, тұрмыстық жағдайлар, киім-кешекпен, жеке гигиена құралдарымен, төсек-орын жабдықтарымен және медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексерулер жүргізілуде.

 

Цифрландыру және ашықтық

 

«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Болашақ прокурор кеңістігі» атты прокурорлық бұрыш ашылды. Сондай-ақ Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес, мемлекеттік сатып алулар саласында ашықтықты, тиімділікті және алдын алу бақылауын арттыру мақсатында Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасы «OMarket.kz» электрондық сауда алаңымен мемлекеттік сатып алуларды талдауды цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жобаны іске асыруға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Әскери қызметке шақыру — ерекше бақылауда

 

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері ерекше бақылауда. Бас әскери прокуратураның 1-бөлімшесімен бірлесіп, қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен инциденттердің алдын алуға бағытталған «KAZVIBRAIMAGE», сондай-ақ жинақтау пункттеріне жеткізілген шақырылушылардың құқықтарының сақталуын бақылауға арналған «1-В» пилоттық жобалары жүзеге асырылуда.

 

Құқықтық түсіндіру және қоғаммен байланыс

 

Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне заңнаманы, оның ішінде қаржылық сауаттылық мәселелерін түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Сонымен қатар халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында «Халық заңгері» акциясына қатысып, азаматтарға барлық туындаған сұрақтар бойынша тегін заң көмегі көрсетілді.

 

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері — еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз ететін ұлттық қауіпсіздіктің негізі. Бұл бағыттағы табыс мемлекеттік биліктің барлық органдарының үйлесімді әрі жүйелі жұмысына тікелей байланысты.

 

Дамыған қоғам тәртіп пен заңдылықтан басталады. Сондықтан біз ең ұсақ құқық бұзушылықтарға, бұзақылық пен мәдениетсіздікке де төзбеуіміз қажет, себебі олар қоғамдық тыныштықты бұзып, өмір сапасын төмендетеді.

 

Өскемен гарнизонының

әскери прокуратурасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button