Жастар «Заң және тәртіп» үшін: ШҚО көшбасшылардың республикалық диалог алаңына айналды

16–18 ақпан аралығында Өскемен қаласында Республикалық жастар белсенділері мектебі өтті. Аталған алаң еліміздің әр өңірінен келген жастарды жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде біріктіріп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және жобалық ойлауды жетілдіруге бағытталды. Іс-шараға «Ассамблея Жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Серқазынович Садырбаев, сондай-ақ қаржы, көпшілік алдында сөйлеу, туризм және жасанды интеллект саласының сарапшылары қатысты.
Бағдарлама аясында жастар және этносаралық жобалар бойынша TED-сессия, «Smart Finance» және «Public Speaking» тренингтері, AI құралдарымен тәжірибелік жұмыс жүргізілген IT Hub-қа экскурсия, сондай-ақ студенттік өзін-өзі басқару мәселелері бойынша диалогтық кездесулер өтті. Мектеп Дэниел Бэлласттың қатысуымен өткен Leadership Talk форматындағы кездесумен және қатысушыларға сертификаттар табыстау рәсімімен қорытындыланды.
Іс-шара барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамның тұрақты дамуының, жауапкершілік пен саналы азаматтықтың негізі ретінде ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Осы тұжырымдаманы насихаттау аясында қатысушыларға «Ассамблея Жастары» жастар театрының «Qutqar meni» спектаклі ұсынылды. Нашақорлық пен лудомания мәселелерін қозғайтын әлеуметтік-драмалық қойылым көрермендерді зиянды тәуелділіктердің салдары мен өмірлік таңдау үшін жеке жауапкершілік туралы терең ойландырды. Қойылым қорытындысында жастар салауатты өмір салтын және заңға құрметпен қарауды қолдайтындарын бір ауыздан атап өтті.
Республикалық жастар белсенділері мектебі өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және жауапты, бастамашыл көшбасшылар буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.



