Сенаторлар Риддер жұртшылығымен жаңа Конституция жобасын талқылады

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ольга Булавкина және Шакарим Буктугутов Риддер қаласының тұрғындарымен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылады.
Кездесу барысында қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси жаңғырту аясында әзірленген Негізгі заң жобасының негізгі ережелері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе мемлекеттік басқару моделін жүйелі жаңарту, Парламенттің рөлін күшейту, қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылауды ашқан сенатор Ольга Булавкина жаңа Конституция жобасының елдің саяси жүйесін дамытудағы және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы – саяси жүйені жаңарту мен биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған стратегиялық таңдау. Президент бастамаларын табысты жүзеге асырудың басты шарты – ашық диалог пен азаматтардың қолдауы», – деді Ольга Булавкина.
Өз кезегінде сенатор Шакарим Буктугутов конституциялық реформалардың практикалық қырына және оларды талқылау мен іске асыру үдерісіндегі қоғамның рөліне тоқталды.
«Президент бастамалары теңгерімді әрі әділетті басқару моделін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндет – сапалы талқылауды қамтамасыз етіп, азаматтардың тағдыршешті шешімдерді қабылдауға нақты қатысуына жағдай жасау», – деді Шакарим Буктугутов.
Кездесу мазмұнды әрі сындарлы жағдайда өтті. Қатысушылар талқылауға белсенді түрде қатысып, ұсыныстарын білдіріп, конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыруға қатысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысында сенаторлар азаматтардың белсенді ұстанымы мен жаңа Конституция жобасын одан әрі қоғамдық талқылауға қатысуының маңызын атап өтті.



