Ұлттық ұлан ардагері оқушыларға ерлік сабақтарын өткізді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы, Таулы Қарабақ қақтығысының ардагері отставкадағы полковник Айдар Оразбаев Өскемен қаласындағы бірнеше мектепте ерлік сабақтарын өткізуде. Күні кеше Ұлттық ұланы ардагерін қаладағы №19 жалпы білім беретін мектебі шақырды. Оқу орнында ұйымдастырылған іс-шараға отставкадағы полковник Айдар Оразбаевпен бірге Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Александр Долгов та қатысты. Ардагерлер алдымен мектеп оқушылары әзірлеген концерттік қойылымды тамашалады. Одан кейін мектеп ұстаздары ауған соғысында көзге көрінбеген ерліктер жайында тың ақпараттар айтып, баяндама жасады.
Келесі сөз кезегі отставкадағы полковник Айдар Оразбаевқа берілді. Ұлттық ұлан ардагері құқықтық-тәртіп әскеріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісіп, мақсатқа жету үшін мінез бен тәртіптің маңыздылығын ерекше атап өтті. Арнайы шақырылған меймандар оқушыларға азаматтық парыз саналатын Отан қорғау мамандығының артықшылықтарын түсіндіріп, елінің патриоты болуға үндеді.
– Мектеп қабырғасындағы жасөспірім – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие мен білім беру, төзімділікке, шыдамдылыққа, ержүректілікке баулу – аға ұрпақтың парызы. Бұл іске Ұлттық ұлан ардагерлері өз үлестерін қосып келеді, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев.
Шара барысында интернационалист жауынгер Александр Долгов сөз сөйлеп, ауған соғысының тарихы мен әскери құндылықтарына тоқталды. Аға буын үшін жас ұрпаққа терең білім беріп, патриоттық рухта тәрбиелеу – басты мақсаттардың бірі болып қала бермек.
Мектеп оқушылары мұндай шаралардың жиі өткізілгенін қалайды. Әсіресе, өмірін әскермен байланыстыруды жоспарлаған бозбалалар үшін ардагерлерден пайдалы кеңес алу – үлкен мүмкіндік. Сондықтан олар шара соңында жауынгер меймандарға көкейкесті сауалдарын қойып, естелік фотосуретке түсіп тарқасты. Айта кетейік 1987 жылы қабырғасы қаланған білім ошағына әскери патриоттық тәрбиенің қарқыны жыл сайын үдеп келеді. Қазіргі таңда жүз отыздан астам мектеп оқушысы «Алаш» әскери патриоттық бірлестігінен білім алуда.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



