ШҚО-дағы агроинвестициялар: азық-түлік қауіпсіздігі, АӨК әлеуеті, ауылдардың әл-ауқаты

Бүгінде Шығыс Қазақстандағы ауылдарда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олар елді мекендердің тыныс-тіршілігіне жаңа серпін беруде. Ауыл тұрғындары үшін бұл жобалар – агробизнесті және ауылдық аумақтарды дамытуға қаржылай қолдау болса, өңір үшін – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыс.
Өткен жылы республикалық бюджеттен агробизнес саласындағы үш ірі жобаны жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінді. Мәселен, Солоновка ауылындағы «Елжас» ЖШС 600 басқа дейін кеңейтілетін сүт фермасын ашу үшін 1,2 млрд теңге несие алды. Қазіргі таңда кәсіпорын симменталь және голштин тұқымды 400 аналық бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Сонымен қатар 10 заманауи ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Бұл өндірістік процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Биыл «DeLaval» компаниясының қажетті жабдықтары толық жеткізіліп, табынды басқару бағдарламасымен жабдықталған сауу залы іске қосуға дайын. Қазір кестеге сәйкес шаруашылықта монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде.



