Жаңалықтар

«Бұқтырма балықшысы–2026» – ШҚО-да балық аулау бойынша республикалық фестиваль өтті

Көктемнің алғашқы күні Алтай ауданына қарасты Октябрьский кентінде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға орай ІІ республикалық «Бұқтырма балықшысы–2026» балық аулау фестивалі өтті.

Ауқымды шара табиғат аясындағы спорттық бәсекені ғана емес, халықтық мерекені де ұштастырған ерекше форматымен көпшіліктің көңілінен шықты.

Фестиваль аясында қатысушылар мен қонақтар күні бойы концерттік бағдарламаны тамашалады. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, танымал әнші Еркін Нұржанов, Кубадан келген Umberto Project тобы және блогер Алға Петербург фестивальдің басты хедлайнерлері болды.

Қонақтар үшін түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Әуе шарымен аспанға көтеріліп, хаски жегілген шанамен серуендеу, қар мотоциклімен мұз үстінде сырғанау көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Сонымен қата арнайы әкелінген жорға аттармен серуендеуге мүмкіндік жасалды. Киіз үйлерде Күршім, Самар, Үлкен Нарын және Алтай аудандары ұсынған «Ауылдың дәмі» тағамдары ұсынылып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Фестивальдің негізгі ерекшелігі — балық аулау жарысы. Бас төреші Алексей Моисеев бастаған әділқазылар алқасы балықтың барлық түрін есепке алып, жарыстың әділ өтуін қамтамасыз етті. Мұз үстіндегі бәсеке алаң ортасындағы үлкен экраннан тікелей көрсетіліп, көрерменге жарысты сырттан бақылауға мүмкіндік берді.

Шығыс Қазақстан облысы спорттық балық аулау федерациясының жетекшісі Александр Гуляев жарыстың басты мақсаты мол олжа емес, балықшылар арасындағы бірлік пен ортақ рухты қалыптастыру екенін атап өтті.

Нәтижесінде «Ең үздік балықшы әйел» номинациясында Ирина Анихина топ жарды. «Ең үлкен ауланған балық (Big Fish)» аталымында жас балықшы Ғали Темірғалиев жеңімпаз атанды. Үшінші орын Айқын Нұрмұханбетовке бұйырса, екінші орынды Владимир Карпенко иеленді. Ал бас жүлде — бірінші орынды Роман Иванов жеңіп алды.

Жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, алғыс хаттар және қаржылай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлері тарапынан қысқы демалыс орындарына жолдамалар сыйға берілді.

Фестивальге 300-ге жуық спортшы қатысып, шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алматы қаласынан келген «Республикалық спорттық балық аулау федерациясының» президенті, әлем чемпионы Роман Ботабеков ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға беріп, облыс басшылығына алғыс білдірді.

Көктемнің алғашқы күнінде өткен бұл фестиваль шығыс жұртының ұйымшылдығын көрсетіп, табиғат пен спортты тоғыстырған тағылымды мереке ретінде есте қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button