Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда ветеринариялық қызмет күшейтіледі: жеті жаңа станция салынады

Шығыс Қазақстан аумағында ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда. Алдағы екі жылда өңірде жаңа станциялар мен пункттер салу, сондай-ақ мал қорымдарының санын арттыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімдігінің отырысында хабарланғандай, аудан орталықтарында 7 ветеринариялық станция пайда болады. Оның үшеуі 2026 жылы пайдалануға берілсе, тағы төртеуі 2027 жылы іске қосылады.

Сонымен қатар ауылдық округтерде 70 ветеринариялық пункт салынады: 2026 жылы — 32, ал 2027 жылы — 38 нысан. Бұдан бөлек, 54 мал қорымын салу көзделген: 2026 жылы — 25, 2027 жылы — 29 нысан.

Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықовтың айтуынша, бұл шараларды жүзеге асыру өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға, жануарлар арасында аурулардың таралуын болдырмауға және биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала және аудан әкімдеріне ветеринариялық нысандар салу үшін жер учаскелерін бөлуді және қажетті инженерлік инфрақұрылымды ұйымдастыруды тапсырды.

Қазіргі уақытта ШҚО-да 11 мемлекеттік ветеринариялық кәсіпорын мен 99 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Салада 572 маман еңбек етеді.

Қызметтің техникалық жабдықталуы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өңірге 133 бірлік арнайы автокөлік жеткізілді, оның ішінде 13 дезинфекциялық қондырғы, бір инсинератор, мал тасымалдауға арналған алты автокөлік және бір рефрижератор бар.

Бүгінгі күні 157 мал қорымы және 101 сібір жарасы көмілген орын тіркелген. Өткен жылы Күршім ауданында бес жаңа мал қорымы салынды.

Жоспарланған жобаларды іске асыру облыстың ветеринариялық қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторды дамытуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button