Жаңалықтар

Жаңа Конституциядағы отбасыға қатысты нормалар мектеп ұжымына таныстырылды

Коалиция мүшелері Өскемен қаласындағы №49 мектеп ұжымымен кездесіп, Жаңа Конституция жобасындағы отбасы институтына қатысты нормаларды кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында Жаңа Конституцияда неке еркек пен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалатыны атап өтілді. Мұндай құқықтық бекіту қоғамдағы дәстүрлі отбасы моделін сақтауға, сондай-ақ отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа редакцияда ата-аналардың балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу құқығы ғана емес, міндеті де нақты көрсетілгені айтылды. Бұл қағида баланың жан-жақты дамуына жағдай жасауға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға бағытталған.

Бүгінгі цифрлық орта, әлеуметтік өзгерістер мен жаһандану жағдайында бала тәрбиесінің маңызы арта түскені белгілі. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігін конституциялық деңгейде бекіту – болашақ ұрпақтың сапасын арттыруға жасалған маңызды қадам екені атап өтілді.

Жаңа Конституцияда кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті де қарастырылған. Бұл норма отбасы ішіндегі өзара көмек пен сыйластық дәстүрін құқықтық тұрғыдан бекітіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды сақтауға бағытталған.

Кездесу барысында коалиция мүшесі Фархат Құрманов өз пікірін білдірді:

«Жаңа Конституциядағы отбасыға қатысты нормалар – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Отбасының мемлекет қорғауында болуы, некенің құқықтық негізде айқындалуы және ата-ана мен бала арасындағы өзара жауапкершіліктің бекітілуі – берік қоғам қалыптастырудың басты шарттары. Біз ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, болашақ ұрпақтың қауіпсіз әрі сапалы ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауымыз керек», – деді ол.

Жиын соңында мектеп ұжымы ұсынылған өзгерістердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауда белсенділік таныту қажеттігін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button