Жаңалықтар

Катонқарағай Шығыс Қазақстан облысының туристік тартымдылық орталығына айналып келеді 

Шығыс Қазақстан облысы көп жағдайда өнеркәсіптік өңір ретінде танылғанымен, аймақтың туристік әлеуеті де өте жоғары. Өңірде табиғаты ерекше көрікті жерлер аз емес, алайда оларды ел ішінде кеңінен таныту әлі де өзекті болып отыр.

 

Облыста Бухтарма су қоймасының жағалауы, Самар құмдары, Сібе көлдері сияқты табиғи демалыс орындары бар. Сонымен қатар, таулы табиғаты мен ерекше ландшафттарымен танымал Катонқарағай өңірі туристер үшін тартымды бағыттардың бірі саналады.

 

Аймақтың туристік имиджін қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылдың жазында Катонқарағайда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі болды. Ауқымды мәдени шараға он мыңға жуық қонақ жиналды.

 

Фестиваль аясында көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ поэзиялық кеш, ақындар айтысы және «Берел» музей-археологиялық кешенінде ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

Шараның басты көріністерінің бірі – түркі әлемінің 11 елінен келген өнерпаздар қатысқан гала-концерт болды. Үш күн бойы этноауыл жұмыс істеп, Шығыс Қазақстанның аудандары өз киіз үйлерін таныстырды. Жәрмеңке мен фуд-корт алаңдарында ұлттық тағамдар мен жергілікті өнімдер ұсынылды.

 

Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Мұндай ауқымды мәдени шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, Шығыс Қазақстанды кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button