Жаңалықтар

2026 жылғы 8 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық мәселелеріне арналған брифинг өтті.

Іс-шараға Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы бөлімінің басшысы Бижаксин Сырым Серікович қатысты.

Брифинг барысында спикер Қазақстан Республикасында жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу тәртібі, есептеу ерекшеліктері және қолданыстағы жеңілдіктер туралы жан-жақты түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, көлік салығы жергілікті бюджетке түсетін маңызды төлемдердің бірі болып табылады және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымды жақсартуға және жолдарды күтіп ұстауға бағытталады.

Сырым Серікович 2026 жылы азаматтар 2025 жыл үшін салық төлейтінін атап өтіп, есептеу кезінде 2025 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге негізге алынатынын жеткізді. Сонымен қатар, көлік салығы көлік құралының қозғалтқыш көлеміне, пайдалану мерзіміне және басқа да техникалық сипаттамаларына байланысты есептелетінін айтты.

Брифингте салық бойынша жеңілдіктер мәселесіне ерекше назар аударылды. Заңнамаға сәйкес, мүгедектігі бар адамдар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері және көпбалалы аналар (яғни «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» иегерлері) бір көлік құралы бойынша салық төлеуден босатылады. Алайда қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрден асатын және 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін тіркелген автокөліктерге бұл жеңілдіктер қолданылмайтыны атап өтілді.

Сондай-ақ спикер көлік құралын есепті кезең ішінде сатып алу немесе сату жағдайында салық сомасы нақты иелену мерзіміне қарай пропорционалды түрде есептелетінін түсіндірді. Бұл әрбір азаматтың тек нақты пайдаланған кезеңі үшін ғана төлем жасауына мүмкіндік береді.

Азаматтар үшін салықты есептеу міндеті қарастырылмағаны, барлық есептеулерді мемлекеттік кірістер органдары автоматты түрде жүргізетіні айтылды. Салық сомасы туралы ақпаратты азаматтар хабарлама арқылы, жеке кабинеттен немесе онлайн сервистер арқылы біле алады.

Брифинг барысында көлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 сәуірге дейін белгіленгені еске салынды. Уақтылы төленбеген жағдайда өсімпұл есептелетіні және берешек ұзақ уақыт өтелмесе, заңнамаға сәйкес шектеу шаралары қолданылуы мүмкін екені атап өтілді.

Салықты төлеудің ыңғайлы тәсілдері ретінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, eGov порталы, төлем терминалдары мен банк кассалары аталды. Сонымен қатар, берешекті тексеру үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты мен басқа да цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігі бар екені айтылды.

Қорытындылай келе, спикер азаматтарды салық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырып, бұл қаржылық тұрақтылықты сақтауға және қосымша шығындардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button