Жаңалықтар

2026 жылғы 9 сәуірде Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Еуропалық иммундау апталығына орай брифинг өтті.

Іс-шараға спикер ретінде Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Танабаев Ерлан Альмуханович қатысты.

Брифинг барысында спикер 2025 жылғы 24–30 сәуір аралығында Еуропа өңірі елдерінде, оның ішінде Қазақстанда өтетін Еуропалық иммундау апталығының маңыздылығына тоқталды. Биылғы науқан «Вакциналар әрбір ұрпақ үшін тиімді» ұранымен ұйымдастырылуда.

Ерлан Альмухановичтің айтуынша, иммундау – қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі сенімді тәсілі. Жаппай вакцинациялау бағдарламаларының арқасында адамзат табиғи шешек сияқты ауруды толық жойып, басқа да көптеген инфекцияларды бақылауға алды.

Спикер профилактикалық екпелердің балалар мен ересектер үшін аса маңызды екенін атап өтті. Вакцинация вирустық гепатит В, дифтерия, сіреспе, көкжөтел және басқа да ауыр аурулардың алдын алудың жалғыз тиімді жолы болып табылады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы Дүниежүзілік иммундау апталығының негізгі міндеттері таныстырылды:

• иммундаудың ұрпақтар денсаулығын қорғаудағы рөлін көрсету;

• медициналық қызметкерлерді қолдау және халықпен тиімді коммуникацияны күшейту;

• вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ғылыми негізделген ақпаратты кеңінен тарату;

• иммундау жүйесіне деген сенімді арттыру.

Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіне 11 инфекцияға қарсы 9 вакцина енгізілген. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қосымша вакцинациялар жүргізіледі.

Брифинг барысында елімізде вакцинацияның қолжетімді әрі тегін екені, сондай-ақ қамту деңгейі 95%-дан жоғары екені айтылды. Бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитетті сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап 11 жастан асқан қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Бұл вакцина жатыр мойны обырының алдын алуда жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.

Спикер вакцинациядан бас тартудың қауіпті екенін ескертіп, оның ауыр асқынуларға, мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін екенін жеткізді.

Брифинг қорытындысында тұрғындар Еуропалық иммундау апталығына белсенді қатысуға және өз денсаулығы мен жақындарының саулығына жауапкершілікпен қарауға шақырылды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button