Жаңалықтар

Қоғамдық қауіпсіздік бақылауда: полиция 90-нан астам құқықбұзушылықты анықтады

Түркістан облысы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы профилактикалық шаралар өңірдегі «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған.

Осы орайда Жетісай ауданы полиция бөлімі қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында арнайы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Іс-шаралар барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық орындардағы тәртібін қадағалау жұмыстары күшейтілді.

Өткізілген рейдтік жұмыстар нәтижесінде 90-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталды. Атап айтқанда, мас күйде көлік құралын басқарудың 1 дерегі тіркелсе, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдаланудың 2 жағдайы әшкереленді. Сонымен қатар бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту фактісі бойынша 1 құқықбұзушылық анықталды.

Қоғамдық тәртіпті бұзу деректері де назардан тыс қалмады. Қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйде жүрудің 3 фактісі, сондай-ақ рұқсат етілмеген орындарда темекі шегудің 3 жағдайы тіркелді. Бұл әрекеттер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүрген жасөспірімдер анықталып, олардың заңды өкілдеріне қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді және әкімшілік шаралар қолданылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы фактілері де тіркеліп, тиісті профилактикалық шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарды ластау, белгіленбеген орындарда сауда жасау және жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталып, заңнамаға сәйкес шаралар қолданылды. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізілген іс-шаралар барысында 8 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, мұндай профилактикалық рейдтер мен алдын алу шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Бұл өз кезегінде өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге және тұрғындардың полицияға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button