ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 35 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРДІ

Түркістан облысында 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты барлық жалпы білім беру ұйымдарында мектеп бітіру салтанатты іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл кезең өңірдің білім беру жүйесіндегі маңызды қорытынды сәттердің бірі болып табылады және түлектердің жаңа өмірлік кезеңге қадам басуын білдіреді.
Биылғы салтанатты жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өткізіліп, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жас буын арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектептің түлектері мен ұстаздарын оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде білім беру саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, жас түлектерге ақ жол тіледі және ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді.
– Бүгінгі күн – әрбір түлек үшін ерекше тарихи сәт. Балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын жауапты кезең. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «білімді ұрпақ – ел болашағының негізгі тірегі». Қазіргі заман – ғылым мен технология, инновация мен бәсекенің дәуірі. Сондықтан жастардың басты міндеті – сапалы білім алып, алған білімін ел игілігіне пайдалану, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі өз сөзінде Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне де тоқталып, бұл оқиғаның өңірдің халықаралық беделін арттырғанын атап өтті. Ол Түркістанды заманауи, дамыған мегаполиске айналдыруда жастардың рөлі ерекше екенін жеткізді.
– Түркістанның болашағы – бүгінгі түлектердің қолында. Ертеңгі күні қаламызды дамытатын, ел экономикасына үлес қосатын, жаңа технологияларды игеретін де – сіздер. Сондықтан әрбір жас өз мүмкіндігін толық пайдаланып, ел дамуына үлес қосуы тиіс, – деді ол.
Өңірлік деректерге сәйкес, биыл Түркістан облысында 1106 орта мектепте 554 776 оқушы оқу жылын аяқтады. Бұл көрсеткіш республикадағы жалпы оқушы санының 14,2 пайызын құрайды. Өңір білім беру жүйесі бойынша елдегі ең ірі аймақтардың бірі болып табылады.
2025–2026 оқу жылы барысында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Олардың ішінде 2 416 оқушы «Алтын белгі» белгісіне үміткер, ал 3 141 оқушы «Үздік аттестат» алуға үміткер болып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі білім сапасының тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 535 түлек өтініш берген, бұл жалпы түлектердің 87 пайызын құрайды. Бұл жоғары білім алуға деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Түркістан облысы білім беру саласында бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадада өңір командасы алғаш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды.
Жыл ішінде халықаралық және республикалық деңгейдегі пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларға 5 980 оқушы қатысып, олардың 2 691-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық кезеңге өткен 330 оқушының 169-ы жеңімпаз атанды. Ал халықаралық олимпиадаларда 21 оқушының 14-і жүлделі орын иеленді.
Робототехника саласында да Түркістан облысының оқушылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында Төлеби ауданының «TOLEBI DARYN» командасы әлемнің үздік 5 командасының қатарына енді. Ал Қазығұрт ауданының оқушылары Грекияда өткен халықаралық чемпионатта жүлделі II орын иеленді.
Бұл жетістіктер Түркістан облысында білім беру сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және заманауи білім беру жүйесін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып табылады.
Өңірде жаңа мектептер салу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи оқу ортасын қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылдың өзінде 20 білім беру ұйымы пайдалануға берілді, оның 16-сы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының білім саласындағы көрсеткіштері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды индикаторларының бірі болып табылады. Бұл жетістіктер ұстаздардың еңбегі, оқушылардың талпынысы және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тұрақты қолдаудың нәтижесі ретінде бағалануда.



