ШҚО «PRO Молоко&QazaqSut» ірі салалық іс-шарасын қабылдайды

Осы аптада Өскемен қаласында шетелдік қонақтардың қатысуымен екі ірі іс-шара өтеді. 18-19 маусым күндері үстел теннисі орталығының алаңында V Халықаралық «PRO Молоко’26» форумы мен «QazaqSut» көрмесі, сондай-ақ алғаш рет Халықаралық ет бизнесі форумы «PRO Мясо’26» ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған іс-шаралар еліміздегі ірі аграрлық алаңдардың біріне айналып, 16-дан астам елден бір жарым мыңға жуық қатысушыны біріктіреді.
– Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар, инвесторлар, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ салалық қауымдастықтар қатысады. Қатысушылар қатарында Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысының жетекші фермерлері, аграрлық саланың белгілі өкілдері, соның ішінде Қазақстанның Еңбек Ерлері Иван Сауэр мен Геннадий Зенченко болады, – деді ұйымдастырушылар.
Олардың айтуынша, форум бағдарламасында пленарлық және тақырыптық сессиялар, дөңгелек үстелдер, инвестициялық кездесулер, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі, сондай-ақ B2B форматындағы келіссөздер қарастырылған.
Форумдар аясында қатысушылар етті мал шаруашылығын дамытудың заманауи тәсілдерін, кооперация мәселелерін және фермерлік шаруашылықтардың тиімділігін арттыру жолдарын талқылайды. Сонымен қатар сүт және ет өндірісін дамыту, өнімдерді қайта өңдеу, ветеринариялық қауіпсіздік, селекция, жем-шөп өндірісі, экспорт және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелері қаралады.
– Инвестициялық ынтымақтастыққа, агротуризмді дамытуға және агроөнеркәсіп кешеніндегі халықаралық байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударылады, – деп толықтырды ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, мұндай ірі салалық іс-шаралар тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.



