Шығыс Қазақстан облысының әкімі Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының жұмысымен танысты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығына барып, табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы алдымен қорықтың материалдық-техникалық базасын аралап көрді. Мұнда орман өрттерінің алдын алу, табиғи аумақтарды қорғау және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін пайдаланылатын арнайы техникалар, өрт сөндіру көліктері, байланыс құралдары мен заманауи жабдықтар таныстырылды. Қорық мамандары өрт қаупі жоғары кезеңде атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар, орман алқаптарын тәулік бойы бақылау, мобильді топтардың қызметі және табиғи экожүйені қорғауға бағытталған кешенді шаралар туралы баяндады.
Кездесу барысында қорық қызметкерлері өңірдің ерекше табиғи байлығын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары, жануарлар дүниесіне мониторинг жүргізу, сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау және экологиялық ағарту іс-шаралары жөнінде де ақпарат берді.
Одан кейін облыс әкімі қорық аумағындағы музейді аралап шықты. Мұнда Марқакөлдің бай биоалуантүрлілігі, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғи кешендердің ерекшеліктері, сондай-ақ қорықтың жарты ғасырға жуық тарихын қамтитын бірегей экспозициялар қойылған. Музейде өңірдің табиғи мұрасын таныстыратын фотоматериалдар, жануарлар мен құстардың коллекциялары, ғылыми деректер мен архивтік құжаттар көпшілік назарына ұсынылған.
Экспозициялармен танысқан аймақ басшысы қорықтың табиғи мұраны сақтаудағы және экологиялық туризмді дамытудағы рөліне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі қолдау маңызды екенін атап өтті.
Сапар барысында Нұрымбет Сақтағанов қорық аумағында көшет отырғызып, табиғатты қорғау, жасыл желекті көбейту және орман қорын сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану болашақ ұрпақ алдындағы маңызды жауапкершілік болып табылады.
1976 жылы құрылған Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы бүгінде 102 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Қорықтың негізгі мақсаты – Марқакөл көлінің бірегей экожүйесін, Оңтүстік Алтайдың сирек кездесетін флорасы мен фаунасын сақтау, табиғи тепе-теңдікті қорғау және еліміздің табиғи мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Қорық аумағында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлері мекендейді және тұрақты ғылыми бақылау жүргізіледі.
Өңірде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту, олардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, ғылыми зерттеулерді қолдау және экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.
Сапар аясында аймақ басшысы халықаралық «Марқакөл – Шығыстың маржаны» фестиваліне арналған 10-ға жуық киіз үйден құралған этноқалашықты да аралап көрді. Мұнда өңірдің мәдени мұрасы, ұлттық қолөнері, салт-дәстүрі мен жергілікті өнімдері таныстырылды. Нұрымбет Сақтағанов көрмеге қатысушылармен әңгімелесіп, фестивальдің өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімі Марқакөл ауылындағы ауызсумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Жоба тұрғындарды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.
2025 жылдың мамыр айында басталған жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның маңызды кезеңдерінің бірі сәтті аяқталды. Жер асты су көзінен ауылға ауызсу жеткізу жүйесі іске қосылып, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейді.
Жоба аясында үш су ұңғымасы бұрғыланып, қолданыстағы су құбыры желілері жаңғыртылды. Сондай-ақ көлемі 250 текше метр болатын таза су резервуары толық тазартылып, инженерлік жүйелердің сенімді жұмыс істеуіне қажетті жұмыстар жүргізілді. Алдағы кезеңде су құбыры желілерін кезең-кезеңімен жаңарту және елді мекеннің барлық тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.



