20 млн тонна астық бастырылды – ҚР АШМ

Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Basnews.kz.
«Қазіргі кезде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жалпы егін жинау алаңы 99,5 пайызға аяқталғанын баяндауға рұқсат етіңіздер. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн гектарды құрады, гектарына 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20 млн тонна астық бастырылды», – деді министр Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және
7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.
«Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. 2019 жылмен салыстырғанда элеваторларға 1 млн тоннаға көп астық әкелінді. Бұл ретте келіп түскен астықтың 80 пайызының сапалық сипаттамалары жоғары, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4 пайызды құраған болатын», – деді С. Омаров.



