Алматыда соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері қалай өтетіндігі айтылды

Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов брифинг барысында биыл мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау қалай өтетіні туралы айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.
«25 мамырда соңғы қоңырау. Биыл қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, басқарма білім беру ұйымдарына соңғы қоңырауды онлайн режимінде өткізуге кеңес берді. Десекте, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып 11 сыныптар үшін соңғы қоңырауды мектепте өткізуге тыйым салынбайды», – деді ол.
Оның айтуынша, білім министрлігінің бұйрығына сәйкес, 11-сынып оқушылары үшін 12-14 маусым аралығында мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады.
«Жақын қалған кезде білім басқармасы түлектерге ресми түрде аттестатты табыстау іс-шарасы мен кеш өткізуге қатысты өз ұсыныстарын береді», – деді спикер.



