Жандарбек Бекшин Арбаттың қашан ашылатынын айтты

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында Арбаттың қашан ашылатынын айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.
Жандарбек Бекшин қала «қызыл» аймақта болғандықтан, Арбатты жабу туралы шешім қабылданғандығын жеткізді.
«Инфекцияның таралуы жағдайларын тоқтату үшін біз Арбатты жауып тастадық. Арбатта адам өте көп жиналады. Бұл тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, Алматы «қызыл» аймақтан шығатын болса, Арбатты ашатын боламыз», – дейді ол.
Сонымен қатар, ол Арбатта «Ashyq» жобасын жүзеге асыру қазір мүмкін емес екенін тілге тиек етті.
«Егер Арбатта бір-екі кіреберіс болса, «Ashyq» іске қосылуы мүмкін еді. Дәл қазір оны жүзеге асыру мүмкін емес. Қазір мегаполисте «Ashyq» 1300 нысан тіркелді. Жұмыс қызу жүріп жатыр», – деді спикер.
Жандарбек Бекшин қаладағы саябақтар мен скверлер ашық екенін ескертті.