BasNewsЖаңалықтар

Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдар туралы дауға пікір білдірді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есебі кезінде ақылы жолдардың мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды BasNews.kz.

«3-4 күн бұрын алысқа қатынайтын жүк көлігінің жүргізушілері жаңа учаскелерде ақылы жүйені енгізуге наразылық білдірген оқиғалар болды. Аталған мәселені шешу үшін министрліктің, «ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және «Казлогистикс» өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді», – деген ведомство басшысы бұл мәселе соңғы екі жыл көлемінде «Атамекен» ҰКП-ның алаңында қоғамдық ұйымдар мен Қазақстанның тасымалдаушылар одағының өкілдерін қатыстыра отырып талқыланғанын еске салды

 

«Ақылы жолдар тәжірибесі әлем кең таралған. Көптеген елдерде «Жолды кім пайдаланса, күтіп ұстау шығынын сол төлейді» деген әділ қағида жолға қойылған. Өйткені көп жағдайда жол төсемін пайданы ғана ойлайтын инертті материалдар тасымалдаушы ауыр жүк көліктері бұзып жатыр. Оның үстіне үшінші елдерден он мыңдаған транзиттік жүк машиналары Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Олар да жолдың бүлінуіне әсер етеді. Ал біздің тасымалдаушылар өзге елдердің аумағы арқылы өткенде барлық алымдарды төлейді ғой», – деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.

«Бірінші кезеңде 2021 жылы 5,8 мың шақырым ақылы жол ашу жоспарлануда. Кешегі ақпарат сәл бұрмалаған. Тасымалдаушылармен қосымша жұмыс істейміз деп ойлаймын. Жөнделмеген жолдар ақылы болмайтынын баса айтқым келеді. Бірінші кезекте жөнделген, ешқандай ақауы жоқ жолдар ақылы болады. Яғни, 1 санаттағы жолдар ақылы болады.

Одан кейін екінші санаттағы жолдарға көшеміз. Батыс Қазақстан мен Ақтөбедегі, Оралдағы көлік иелерінің наразылығын естіп қалған болатынмын. Негізінде Ақтөбе облысындағы жолдарды ақылы ету жоспарда жоқ. Ол жақта жолдар 2025 жылға дейін жөндеуден өтіп, талапқа сай болуы керек. Ұлттық стандарт бойынша санаты анықталады. Осыдан кейін ғана ақылы негіз енгізіледі», – деді министр.

Back to top button