BasNewsЖаңалықтар

Биыл елімізде шегіртке 640 мың гектарға таралуы мүмкін

Қазақстанда үйірлі шегіртке тектес зиянкестер 641 мың гектар алаңға таралуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

«Сапалы және жоғары түсім алу көбінесе қолайлы фитосанитариялық жағдайға байланысты болады. 2021 жылы үйірлі шегіртке тектес зиянкестер 641 мың гектар алаңға таралуы мүмкін. Саяқ шегіртке тектес зиянкестердің таралу болжамы – 239 мың гектар. Шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарын анықтау үшін 38 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері зерттеп-қаралатын болады. Химиялық өңдеуге 183 арнайы техника жұмылдырылады», – деді С. Омаров.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізу аяқталды. Итальяндық прус пен саяқ шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жалғасып жатыр. Химиялық өңдеу жоғары биологиялық тиімділікпен оңтайлы мерзімде жүргізілуде.

«Жалпы 2021 жылы аса қауіпті зиянды организмдердің 3 млн гектар алаңда, оның ішінде дәнді дақылдар ауруларының 1,9 млн гектар алаңда, сұр дән көбелегінің 328 мың гектар алаңда таралуы мүмкіндігі ескерілген. Арамшөп өсімдіктеріне қарсы химиялық отауды 7 млн гектар алаңда жүргізу жоспарланып отыр», – делі министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма берді.

Back to top button