Елордада LRT құрылысы қайта жанданды
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта басталуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Иә, қазір құрылыс маусымы жүріп жатқандықтан, LRT құрылысы қайта жанданды. Шарттар бұрынғыдай, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуде. Белсенді жұмыс жүріп жатыр деп айта алмаймын. Белсенді жұмыс қаражаттың түсуіне қарай жалғасады. Қазір конкурстық рәсімдер, банктерді таңдау жүріп жатыр. Қаржыландыру көздерін анықтаған соң, жұмыстарды жандандырамыз», – деді А. Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізерден бұрын техникалық сараптама өтіп жатыр.
«Оған қосымша қаражат тартылған жоқ, бұл ішкі резервтер. Бұрынғы шарт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қаржыландырудың қосымша көлемін тартқан кезде белсенді жұмысты бастаймыз. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған еді. Біз оны 800 млн долларға төмендеттік және үнемдедік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен бір млрд доллар қажет. Біз сыртқы қарыздарға конкурс жарияладық. Банктерді анықтағаннан кейін қосымша хабарлаймыз. Егер ішкі қаржы нарығында ниет білдірушілер болса, оларды да қарастырамыз. Қаржыландыру көздерін іздеу конкурсы жаздың соңына дейін аяқталады», – деп атап өтті А.Көлгінов.



