Елордада Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш ашылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылуына қатысты, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Ескерткішті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қайраткерлерінің мемориалына гүл шоғын қойып, салтанатты шараға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің арқасында ұзақ жылдар бойы халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының еңбектері лайықты бағасын алып, олардың есімдері қайта жаңғырып жатқанына тоқталды.
«Өкінішке қарай, түгелге жуығы халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ, ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды » , – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Алаш қайраткерлерінің еңбектері Алаштану ғылымының аясында жан-жақты зерттелу қажеттігіне назар аударды.
«Алаштану ғылымы арыстарымыздың еңбектерін барынша қамтуы керек. Жыл өткен сайын Алаштың абыройы асқақтап, беделі биіктей береді. Олардың атқарған ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Себебі, ұлт мүддесі, ел қамы деген ұғымдар – мәңгі құндылықтар » , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Алаш қайраткерлерінің дербес мемлекет болып, жер жүзімен терезесі тең қатынас орнату жөніндегі арман-мақсаты жүзеге асқанын атап өтіп, еліміз бүгінде әлем қауымдастығының белді мүшесіне айналғанын айтты.



