BasNewsЖаңалықтар

Қарағанды облысындағы инклюзивті жобалар: пандустар, оңалту және инватакси

Қарағанды облысында кедергісіз орта құру үшін тағы бір қадам жасалды. Арбаға таңылған мүгедектер тұратын облыс орталығындағы көпқабатты үйлерде пандустар салына бастады. Меценаттар «Жеке тұлғаларға арналған 50 пандус» жобасын қолдады.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев хабарлады. Қоғам белсендісі бірлескен күш-жігермен қандай мәселелерді шешуге болатынын баяндады.

– Бір ғана мысал келтірейін, шипажайға емделуге барған кезде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды алып жүрушілер қамтамасыз етіледі. Бұрын олар өз есебінен жүретін. Енді оларға жол шығындарын өтеуге 35 АЕК мөлшерінде төлемдер қарастырылған. Бұл модельді біз өңірдің барлық аудандары мен қалаларына масштабтауды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Нияз Сүндеталиев.

Облыста «Инватакси» тұрақты жұмысы жолға қойылды. Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды тасымалдау қызметтері жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қарағанды, Сәтбаев, Саран, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск қалаларында, Бұқар жырау, Абай және Осакаров аудандарында ұсынылады. Тасымалдаушылар автопарктерінде барлығы 42 автомобиль бар, олардың 23-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.

Тағы бір міндет – кедергісіз орта құру.

Автопарктер пандустармен жабдықталған автобустар сатып алды. Оларды маршрутта «Ақылды көлік» мобильдік қосымшасының көмегімен көруге болады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды ақпараттандыру үшін білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт, денсаулық сақтау басқармаларының Қарағанды облысының Еңбек және әлеуметтік қорғау және көші-қон Комитетінің Департаментімен бірлескен телеграм чаттары іске қосылды. Нақты уақыт режимінде өз сұрақтарыңызға жауап ала аласыз.

Мүгедектігі бар адамдарға жүргізуші куәлігін алу рәсімі де жеңілдетілді. Олар үшін көлік жүргізу және теорияны білу емтихандарын қабылдау Қарағанды мамандандырылған ХҚКО-да ұйымдастырылды. Емтихан тапсыру үшін қолмен басқарылатын жабдықталған автомобиль қарастырылған.

– Оңалту орталықтарын, түзету сыныптарын, спорт алаңдарын, мүгедек адамдарға арналған үйірмелер мен секцияларды дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар, – деп толықтырды Нияз Сүндеталиев.

Облыста 67 мың адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Барлық қалалар мен аудандарда әкімдердің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері жұмыс істейді.

Back to top button