Бюджетке жалтақтамайтын жоба

Алғаш ақылы жол елімізде 2013 жылы пайда болды. Төлем қабылдайтын тұңғыш бағыт Нұр-Сұлтан-Щучинск деп белгіленді. Бұл 213 шақырымнан тұратын алты жолақты жолды салу үшін, ашық деректерде жарияланған ақпаратқа сенсек, 62 миллион еуро жұмсалған. Аталған бағытқа француздық төлем жүйесі енгізілді. Әлбетте, атында тұрғандай трассаны қолдану, төлем алу үшін, тиісті жағдай жасау басты назарға алынды. Жол бойында көлік иелеріне тоқтап бой жазуға, автоларының техникалық жағдайын тексеру үшін арнайы орындар қарастырылды. Әуел баста, тұрғындардың бір бөлігі бұл жаңашылдыққа күдікпен қарады. Кейбірі тіпті теріс көзқараста болғанын білеміз. Бірақ, уақыт өте келе, жолдың сапасы, тазалығы, қысы-жазы қызмет көрсетудің тоқтаусыз атқарылатыны сенім ұялата бастады. Қомақты қаржы жұмсалған жол, жыл өткен сайын өз құнын ақтауға кірісті. 2013 жылдан бері есептесек, бір ғана осы учаске 11,9 миллиард теңге табыс әкелген. Түскен қаражаттың барлығы дерлік жолды, төлем алу жүйесін күтіп ұстауға жұмсалған. 153 дана жол техникасы сатып алынып, 11 трасса бойындағы сервис нысаны салынған. Өзгелерін, жеке инвесторлар кірісіп, жеке кәсіптерін ашу үшін өз қолдарына алған.
Аталған бағыт, халықтың ары-бері еркін, әрі қауіпсіз қатынауына зор мүмкіндіктер ашты. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан туристік бағыттардың бойына қан жүгіртті. 80 көлдің саясындағы Көкшеге, Бурабай, Зерендіге елорда арқылы республиканың түкпір-түкпірінен жұрт ағыла бастады.
Әңгіменің әлқиссасында айтылғандай, төлем алу жүйесі әуел баста еуропалықтардың технологиясына негізделген еді. Бірақ, уақыт өте келе, бұл бағдарламалық жасақтаманың орнын отандық мамандардың жобасы басты. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Kaztoll» жобасын іске асыруға кірісті. Бұл бастама бірінші кезекте төлем алуды электронды форматқа ауыстыруды көздеді. Яғни, әрбір көліктің жүріп өткен жолын, жеке шотындағы қаражат туралы ақпаратты, абонемент рәсімдеуді барынша оңай етуге тырысты. Жоба қазір еліміздегі барлық ақылы жолда сәтті қолданылып келеді. Бұл да қазақстандық мамандардың цифрландыру жолындағы бір жетістігі.
Ақылы жолдардан түсетін қаражаттың жұмыс істеу принципі ерекше. Табыс әкелген тас жол, пайданы өз бойына қайта сіңіреді. Яғни, барлық жинақталған қаржы, осы трассаларды күтіп-баптауға жұмсалады. Жұмысты атқаратын мамандардың еңбекақысы мен техникаға да қаржы осы табысқа негізделген. Қысқаша айтқанда, ақылы жол «өз жыртығын өзі жамайды». Бұл процеске республикалық ауқымда қарайтын болсақ пайдасы орасан зор. Мемлекеттік бюджеттен жолды жөндеуге жыл сайын қомақты сома бөліне бермейді. Керісінше, салық төлеушілердің ақшасына, әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар іске асады. Мектептер мен емханаларға, өзге де маңызды жобаларға құйылады.
Жолдағы қауіпсіздік көкейкесті мәселелердің бірі. Еnergyprom.kz порталының мәліметінше, Қазақстан жол сапасы бойынша 141 мемлекеттің ішінде 93-ші орынға жайғасқан. Көңіл көншітерлік статистика емес. Әлбетте, жолдың сапасы төмен болса, қауіпсіздік жағы ақсайды. Жол-көлік оқиғалары көбейеді. Міне, осы мәселені шешуде ақылы жолдардың үлесін атап өту қажет. Бір ғана мысал. Қайта жаңартудан өткен ақылы учаскелердің ішінде, Нұр-Сұлтан-Павлодар бағытында апатты жағдай 46 пайызға, Шымкент-Тараз жолында 43 пайызға төмендеген. Оқыс оқиғалардың азаюына не себеп? Бұл тұста жолдарды абаттандырудың әсері мол. Мәселен, жарықтандыру, арнайы жарықты шағылыстыратын белгілер және маусымға қарай жолды уақытылы тазарту, апатты оқиғалардың алдын алады.
Кез келген ел экономикасының күретамыры жол екені дәлелдеуді қажет етпейтін анықтама. Жол құрылысы, оның күрделі жөндеуден өтуі әсіресе, Қазақстан секілді мұхитқа шыға алмайтын елдер үшін өте маңызды. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. Бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа бағытына айналды. Көлік дәлізінің жалпы ұзындығы 8445 километр болса, оның 2 787 шақырымы біздің елге тиесілі. Елімізде халықаралық жүк тасымалымен 9 мыңға жуық компания айналысады. Олардың иелігінде 32 мыңнан астам автокөлік бар. Ел кәсіпкерлерінен бөлек, көрші мемлекеттердің тасымал саласына негізделген компанияларды қоссаңыз, жолдарды пайдаланатындардың саны еселене түседі. Яғни, тақырыпқа тұздық болған ақылы жолдар, халықаралық бизнеске де сапалы қызмет көрсете отырып, табысын арттыра түседі деген сөз.
Осыған дейін елімізде төрт ақылы жол болған еді. Биылғы жылдың 23-қарашасынан бастап тағы жеті бағыт үшін ақы алына бастады. Жалпы, 11 ақылы учаске 2161 шақырымды құрайды. Ұзақ мерзімді жоспарды алып қарасақ, 2025 жылы мұндай тас жолдардың саны отыз екіге дейін жетеді.
Қорыта айтқанда, ақылы жолдардың түп миссиясы бір. Мемлекеттік бюджетті артық шығыннан босату. Көліктерден түскен қаражат, трассаларды жолдарды күтіп ұстауға қайта бағытталады. Осы арқылы еліміздегі сапалы жолдардың саны артады деген сөз. Кез келген жоба, қалыптасу, іске асу кезеңінде сынға ұшырап, кемшін тұстары болатыны қалыпты нәрсе. Уақыт өте, аяқ алысы түзеліп, бір ізге түссе, түбі өзін ақтайтын, ел көңілінен шығатын бастамаға айналатыны анық. Бұл, мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаның түп мақсаты.
Авторы: Айбек Қосан



