BasNewsЖаңалықтар

Тапшылық: Елордада қант 800 теңгеден сатылып жатыр

Елордада қанттың келісі кемінде 800 теңгеден сатылып жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Елдегі қант тапшылығын елорда тұрғындары да екі аптадан бері анық сезініп отыр. Өйткені үй маңындағы шағын дүкендер тұрмақ, базарда да қант жоқтың қасы. Ал бар жерде баға шарықтап шыға келген.

КТК телеарнасының хабарлауынша, қазір 1 келі қант кемінде 800 теңгеден сатылып жатыр. Мысалы Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысын азық-түлікпен қамтып отырған базарларға күніне алыс-жақын шетелден көкөніс, тамақ, ет, жеміс-жидек тиеген 130-дан астам жүк көліктері келеді екен. Бірақ солардың бірде-біреуінде қант жоқ. Ал көтерме бағамен сауда жасаушылар кем дегенде 30 тоннаны «келісі 650 теңгеден, алсаң ал, алмасаң қой» дейді екен. Қоймасын алдын-ала толтырып алғандар қант тапшылығын естіп, осылайша бағаны бірден 3 есеге көтеріп жіберген. Әсіресе кондитерлік тәтті пісіретін цехтарға қиын боп тұр.

«Торт бағасын көтеруге мәжбүр болдық. Клиенттерге қиын. Тапсырыс азайып қалды. Торт, тәтті тоқаш, балалардың туған күндерін қысқартқан сияқты», – дейді Динара Ибраева есімді аспаз.

Жалпы, елімізде 4 қант зауыты бар. Бірақ олар жалпы қажеттіліктің тек 7 пайызын ғана өтей алады. Қалғаны – импорт. Әлемдегі геосаяси жағдай сол тасымалға біраз тұсау болған. Десе де әкімдіктің көзбен көргені бөлек. Көрсетейін десе, тапшылықты таппай отырғандай.

«Алдын ала жасаған келісімшарт бойынша қоймаларда 400 мың тонна қант бар. Олар қаладағы ірі сауда маркеттерінде 320 теңгеден сатылып жатыр. Қант бар. Ал дүкендер сатып алған бағаға 15 пайыздан артық қоспауға тиіс», – дейді азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысов.

Уәдесі де, есебі де түгел әкімдік алдағы уақытта тағы да қамбаны толтырамыз деп отыр. Жеткенінше ел ішінен, болмаса шетелден алдыртуға дайын екен. Бірақ «семіз сөйлеп, арық шығатын» атқамінерлер қарекет еткенше, елордалықтар қанттан әлі біраз тарығатынға ұқсайды. Бұлай жалғаса берсе, жылына әр қазақстандық 18 келіге дейін қант қолданады деген статистиканы да өзгертуге тура келеді.

Back to top button