Дариға Назарбаева: «Біз ұрпақ алдында жауаптымыз!»
Жоғары палатаны бір жыл бір ай басқарған Дариға Назарбаева жалпы 5 жыл Мәжілісте, 3,5 жыл Сенатта депутат болды. Парламент қабырғасында түйткілді мәселелерді жиі көтеріп, өткір мәлімдемелер жасағаны белгілі. BasNews.kz ақпарат порталы Дариға Нұрсұлтанқызының атқарған жұмыстарының ішіндегі өзектілерін тізбектеп көрген еді.
Жеңіл өнеркәсіп – әлеуметтік маңызға ие сала
Дариға Назарбаева Парламентте жеңіл өнеркәсіп мәселесін жиі көтергені белгілі. Бұл сала ең проблемалы сектор екенін және экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс қалып келгенін атап өтті.
«Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Жеңіл өнеркәсіп – әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді», – деді Сенаттың экс басшысы.
«Ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі»
Дариға Назарбаева депутат ретінде әрбір қазақстандықты алаңдататын ауыл тақырыбын, жер мәселесіне қатысты сұрақтарды да ортаға салды.
«Ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі. Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы. Бүгінде жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес. Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі саласы. Онда неге барлық табиғи және тарихи негіздер бола тұра отандық азық-түлік өнімдерінің 80 пайызы қол жетімсіз? Бұл жағдай бүгін байқап отырғанымыздай қоғаммен, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындарымен ауқымды әңгіме, кәсіби сұхбатты қажет етеді», – деді ол.
«Қазақстан – бұл біздің жеріміз!»
Ал, әр қазақ үшін өзекті – жер дауына қатысты Дариға Назарбаева былай деген еді:
«Қазақстан – бұл біздің жеріміз. Біз аға ұрпақ алдында да, балаларымыздың алдында да ол үшін жауаптымыз. Бәріміз де мұны жақсы түсінеміз. Біздің сыртқы жауымыз жоқ. Біз ешқашан ешкімге туған жеріміздің бір қарысын да бермейміз. Бұл тұрғыдан бізді ешқандай көрші ел қорқытып отырған жоқ!».
«Ауыз су» бағдарламасы
Қазақстандағы өткір мәселелердің бірі – ауыз су тапшылығы. Бұл проблема сенаттың бұрынғы төрағасының да назарынан тыс қалмады.
«Өңірлерді ауыз сумен қамту үшін тәуелсіздік алғалы 540 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді мекенде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы «Бермуд үштағаны» сияқты, ақша жұмбақ жолмен жоғалып кетеді», – деген болатын ол.
«Ана ретінде өлім жазасын қолдаймын»
2016 жылдың қыркүйегінде журналистер сол кездегі сенат депутатынан «педофилдерді өлім жазасына кесу керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?» деп сұраған еді.
«Ана ретінде өлім жазасын қолдаймын. Бірақ, біз оқшау өмір сүретін мемлекет емеспіз. Халықаралық міндеттемелеріміз бар. Сол себепті мұндай қадамға бара алмайтын шығармыз», – деп жауап қайтарды Назарбаева.
Мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған баспана
Осыдан екі жыл бұрын Назарбаева мұғалімдер мен дәрігерлерді баспанамен қамту үшін жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынған болатын. Экс-депутаттың айтуынша, азаматтардың бұл санаты баспанаға мұқтаж болғанымен, олардың мәселесі назардан тыс қалып келеді.
«Кейбір мұғалімдерді отбасында отағасы асырайды. Ал енді бірі, керісінше, бүкіл жанұясын өзі асырауға мәжбүр. Оларға қалай көмектесу қажет? Мен әскерилер сияқты, олар үшін де жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынамын. Әйтпесе, қанша миллион шаршы метр үй тұрғызсақ та, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді», – деді бұрынғы сенатор.
Бұдан бөлек, Назарбаева тек студенттерді ғана емес, жас мамандарды да жатақханамен қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Назарбаеваның бастамасынан кейін құрылған министрлік
2019 жылдың ақпанында Дариға Назарбаева сауда саласындағы проблемаларды қозғап, сауда министрлігін құруды ұсынған болатын. Себебі сауда саласымен ұлттық экономика министрлігінің департаменті айналысады. Ал олардың ішкі және сыртқы саудаға ықпал ететін құзыреті жоқ.
Көп ұзамай, 2019 жылдың маусымында, президент жарлығымен республикада сауда және интеграция министрлігі құрылды.
Ал 2019 жылдың қарашасында экс-спикер су қауіпсіздігі мәселелеріне ғана жауапты болатын мемлекеттік орган құруды ұсынды. Сонымен қатар, су ресурстарын сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажеттігін айтты.
Дау тудырған тізім
Жуырда сенат депутаттары мемлекеттен қолдау көрсетілетін жүйе құраушы кәсіпорындардың тізімімен келіспейтінін мәлімдеді.
Назарбаеваның айтуынша, кәсіпорындардың қазіргі тізімінде құрылыс пен сауда компаниялары көбірек, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің үлесі өте төмен.
«Экономикалық стратегияның басты мақсаты импортты алмастыру саясатын күшейту ғой. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – аса маңызды әрі біз өзіміз өндіре алатын азық-түліктің импортынан бас тартуымыз керек», – деді ол.
Сенаттың соңғы отырысында не айтты?
30 сәуірде Дариға Назарбаева сенат спикері ретінде соңғы отырысын өткізді.
Жалпы отырыста ол шаруалардың проблемасын қозғап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.
Сонымен қатар, депутаттарға дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жұмсалуына бақылау жасау, осы шаралар туралы халықты хабардар етуді тапсырды.
Бұдан бөлек, қарттар мен балалар үйлері, интернаттар төтенше жағдай кезінде назардан тыс қалғанын жеткізді. Медициналық-әлеуметтік мекемелер жеке қорғаныш және санитариялық гигиена құралдарымен қамтамасыз етілмей отыр.
Сондай-ақ, Назарбаева елдегі криминогендік ахуалға назар аударды. Айтуынша, карантиннен кейін әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет.
Дариға Назарбаева тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін жергілікті билік пен құқық қорғау органдарын әйелдерді қолдау шараларын күшейтуге шақырды.
Сонымен қатар, экс-спикер парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығаруы керек деп санайды.