ЖаңалықтарМәдениет

ШҚО өнерпаздары әлемдік сахнада жеңіс тұғырынан көрінді

«Алтай» халық би ансамблі мен «Барқытбел» этно-фольклорлық ансамблі ЮНЕСКО қолдауымен өткен Қытайдың Тайюань қаласындағы үшінші халықаралық өнер фестивалінде айрықша өнер көрсетіп, Гран-приді жеңіп алды. Ауқымды мәдени шара әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шығармашылық ұжымдардың басын қосып, мәдениет пен өнердің саналуан бағыттарын насихаттауға бағытталған болатын.

Фестиваль барысында шығысқазақстандық өнерпаздар қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрлері мен терең тамырлы мәдени мұрасын сахна төрінде көркем де әсерлі түрде паш етті. Олардың шеберлігі және ұлттық өнерге деген адалдығы халықаралық қазылар алқасы мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе композициялардың қойылымдық шешімдері, костюмдердегі ұлттық нақыш және орындаушылық деңгейі ерекше жоғары бағаланды.

Айта кетерлігі, биыл «Алтай» ансамблі өзінің 5 жылдық мерейтойын атап өтуде. Халықаралық деңгейдегі бұл айтулы жеңіс ұжымның қажырлы еңбегінің, табандылығының және өнерге деген шексіз сүйіспеншілігінің нақты дәлелі саналады. Осы арқылы ансамбльдер қазақ өнерінің шекарасын кеңейтіп, мәдени мұраны әлемдік қауымдастыққа танытуды жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Гран-при иегерлерімен арнайы кездесіп, жеңісті өнер ұжымдарын салтанатты түрде құттықтады. «Қазақ өнері — рухани байлығымыздың алтын діңгегі.

«Алтай» мен «Барқытбел» ансамбльдері әлем сахналарында елдің мәдени беделін арттырып, тыңдарманның жүрегін жаулап келеді. Олар — Шығыс Қазақстанның мақтанышы әрі халқымыздың ұлттық өнерін насихаттайтын жарқын елшілері», – деп атап өтті аймақ басшысы.

ЮНЕСКО өкілдері де шығысқазақстандық өнерпаздардың кәсіби деңгейін жоғары бағалап, оларды бүкіл Азия құрлығындағы үздіктердің қатарына жатқызды. Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздарға ЮНЕСКО Президенті мен ұйымның Қытайдағы өкілінің атынан берілген Алғыс хаттар табысталып, шағын ресми рәсім облыс басшылығына ұсынылды.

Сонымен қатар, беделді халықаралық байқауға өнер ұжымдарының қатысуына ШҚО әкімі тарапынан көрсетілген жеке қолдау да маңызды рөл атқарғаны атап өтілді. Бұл бастама аймақтағы мәдениет саласын дамытуға, талантты ұжымдардың әлеуетін арттыруға зор септігін тигізіп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button