
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы «Бүркіт төбе» тарихи-мәдени алаңында үш күн бойы үздіксіз өткен халықаралық «Шығыс Салбурыны-2025» этноспорт фестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы шара ауқымымен, қатысушылар санының көптігімен және көрермен қызығушылығының жоғары болуымен ерекшеленді.
Марапаттау рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүптекеқызы мен Жанжігіт Омархан қатысып, жарыс жеңімпаздарын құттықтады. Ресми тұлғалар құсбегілік мәдениетінің халықаралық деңгейде танылып, этнотуризмді дамытудағы маңызын ерекше атап өтті.
Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы:
«Бұл облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызы зор фестиваль. Үш күн бойы «Бүркіт төбе» алаңының көркін спорттық сайыстар қыздырып, қатысушылар достық пен бірліктің, өзара құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Алтай мен Тарбағатайдың асқақ шыңдарын қыран құспен бағындыру — ата-бабамыздан жеткен көне дәстүр. Саятшылық өнерінің әлемдік деңгейде мойындалуы және ұлттық брендке айналуы халқымыздың рухани мұрасының өлшеусіз құндылығын дәлелдейді», — деді.
Биыл «Шығыс Салбурыны» Халықаралық фестивалі бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарысқа Қытай, Ресей, Испания, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан келген 100-ден астам кәсіби құсбегілер мен этноспорт шеберлері қатысты. Көрермендер саны 10 мыңға жуықтағаны — ұлттық мұраға деген қызығушылықтың арта түскенінің айқын дәлелі.
Фестиваль аясында «Бүркіт төбе» алаңында сәні келісіп тігілген 40 киіз үйден құралған этноауыл қонақтарды қабылдады. Мұнда ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмелері, интерактивті шеберлік сабақтары, қазақ халқының тұрмыс-салт дәстүрлері — беташар, тұсаукесер, бесікке салу және басқа да ғұрыптар көрсетілді.
Кешкі мәдени бағдарлама да барша қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сахнада Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Танатаров, «Алатау серілері» тобы және өнерсүйер қауымға танымал аймақтық әншілер өнер көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша ителгі сайысында Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев үздік атанды. Қаршыға және бүркіт бағыттары бойынша Алматы облысының спортшысы Өмірхан Баетбай жеңімпаз деп танылды. Өз шеберліктерін паш еткен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар және арнайы марапаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шығыс Салбурыны» ұлттық спорт түрлерін дәріптеумен қатар, өңірдегі этнотуризм әлеуетін дамытуды, мәдени алмасуды және халықаралық достықты нығайтуды мақсат етеді. Алдағы жылдары фестиваль форматы одан әрі кеңейтіліп, қатысушы елдер саны артуы жоспарлануда.



