Конституциялық комиссияның құрамы

Мемлекет басшысының жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға шамамен 130 адам кірді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Комиссия құрамына Парламентте өкілдігі бар барлық партиялардың (Amanat, Ақ жол, Ауыл, ЖСДП, ҚХП, Respublica) өкілдері де енді.
Бұл Конституциялық комиссияның қазақстандық қоғамның негізгі салаларын толық қамтығанын және елдегі ең білікті мамандарды бір алаңға жинағанын көрсетеді. Комиссия құрамында заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар және басқа да салалық сарапшылар бар.
Комиссияны құрастырған кезде негізі кәсіби құзырет екені анық. Сонымен бірге оның құрамы ішкі тепе-теңдігімен ерекшеленеді.
Өңірлік өкілдік те қамтамасыз етілді: Комиссия құрамында елдің барлық аймағынан өкілдер, соның ішінде өңірлік мәслихаттардың төрағалары, қоғамдық кеңестер мүшелері және тәжірибелі мамандар бар.
Гендерлік тепе-теңдік те сақталған. Комиссияда ғылым, басқару және кәсіпкерлік салаларының беделді әйел мамандары бар.
Комиссия мүшелерінің барлығы, оның ішінде заң шығару үдерісіне тікелей қатысқандар, ауқымды кәсіби тәжірибеге ие.
Осы кәсіби құрам Комиссияға жүктелген, елдің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің сапалы әрі уақытымен орындалғаны туралы айтуға толық негіз береді.
2. Конституциялық комиссияның ашықтығы мен жариялылығы
Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекет негізіне және қоғамдық келісімге тікелей қатысты мәселе. Сондықтан оны жабық форматта немесе «тар шеңберде» талқылауға болмайтыны белгілі.
Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын арттыру үшін бірқатар шара қабылданды.
Біріншіден, отырыстар ресми сайт пен Конституциялық соттың әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.
Екіншіден, комиссия жұмысын жедел жариялау және ақпаратты жинақтау үшін «Конституциялық реформа 2026» деген арнайы Telegram-арна ашылды.
Сонымен қатар комиссия мүшелерінің көбі әлеуметтік желіде белсенді. Олар өз пікірін тікелей немесе БАҚ арқылы жүздеген мыңдаған азаматқа жеткізді.
Осылайша комиссия жұмысы ашық әрі жария форматта өтті, оның қызметі туралы ақпарат барлық қалаған азаматқа қолжетімді болды.
Маңыздысы, тікелей эфир – тек техникалық құрал ғана емес. Бұл қоғамға сенім мен биліктің ашық диалогқа дайын екенінің айғағы.
Мемлекет «Естуші мемлекет» қағидаты мен институционалдық жауапкершілікті жариялаған соң, Конституциялық комиссияның ашық жұмысы осы бағыттың заңды жалғасы болды.
Отырыстардың жария өтуі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алды, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың логикасын түсінуге жол ашты, ең бастысы – қабылданған шешімдердің заңдылығын арттырды.
3. Талқылау үдерісі туралы
Конституцияның жаңа редакциясын талқылау және әзірлеу шамамен жарты жыл уақытты алды.
Іс жүзінде талқылау Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында парламентті реформалау бастамасын жариялаған кезден басталды.
Осы мақсатта өткен жылдың қазанында парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, ол заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелерімен тұрақты айналысты.
Сонымен бірге парламенттік реформаны қоғамдық талқылау тек Жұмыс тобымен шектелген жоқ. Өткен жылдың қазанынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімі арқылы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс келді.
Бұдан басқа, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдардан қолданыстағы Конституция ережелерін қайта қарауға байланысты 1600-ден астам ұсыныс түсті. Осы негізде Конституциялық реформа жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет іске қосқан кері байланыс тетіктері азаматтар тарапынан белсенді қолданылып, Конституциялық реформаға қатысты қоғамның түрлі көзқарастары мен нақты сұраныстарын ескеруге мүмкіндік берді.
Жиналған ұсыныстар жеке-дара емес, біртұтас әрі өзара үйлескен жоба ретінде қаралды. Нәтижесінде жаңарту Конституцияның барлық бөлімін – Кіріспеден бастап конституциялық құрылыс негіздері, сот төрелігі, мемлекеттік басқару және азаматтардың қатысу тетіктеріне дейін қамтыды.
Бұл тәсіл бұрын қолданылған жекелеген әрі бытыраңқы түзетулер енгізу тәжірибесінен бас тартып, жаңа Негізгі заңның тұтас әрі логикалық құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
4. Конституцияның жаңа редакциясы туралы
Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен талқылаулар негізінде өзара келісілген және Конституция мәтініне енгізілген түзетулердің жинақталған жобасын дайындады.
Ұсынылып отырған жобада Кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар (қолданыстағы редакцияда – Кіріспе, 9 бөлім және 101 бап).
Екі жаңа бөлім енгізілді: «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».
Төрт бөлімнің атауы өзгерді:
– «Жалпы ережелер» – «Конституциялық құрылыс негіздері»;
– «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер»;
– «Парламент» – «Құрылтай»;
– «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері».
77 бапқа түзету енгізілді, бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.
Осылайша өзгерістер мен толықтырулар Негізгі заңның барлық бөлімін қамтиды.
Бөлімдердің атауларын өзгерту немесе баптардың тұжырымдарын нақтылау – жай редакциялық түзету емес, бұл тұжырымдамалық тәсілді жаңартатын, құқықтық нақтылықты күшейтетін және Негізгі заңның сапасын арттыратын терең ойластырылған қадам.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құқықтық актінің мәтініне оның жартысынан астамын қамтитын өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілсе, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Осыны, сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын ескере отырып, қазіргі заман талабына, қоғам қажетіне және мемлекеттің стратегиялық даму мақсатына сай келетін Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізді болды.
Демек, осының барлығы жекелеген түзетулер туралы емес, Негізгі заңның мазмұны мен тұжырымдамалық негізін түбегейлі өзгертетін терең конституциялық жаңғырту туралы болып отыр.
5. Қолданыстағы Конституция мен жаңа Конституцияның айырмашылықтары туралы
Ескі Конституция – басқа дәуірдің мұрасы. Ең алдымен, қолданыстағы Конституция өзінің логикасы мен рухы жағынан көп жағдайда кеңес заманының сипатын сақтап қалған, әсіресе ішкі құрылымы.
Біріншіден, ол тым орталықтандырылған. Онда мемлекет басты субъект ретінде көрінсе, адам көбіне басқару нысаны ретінде қабылданады. Билік вертикалі қатаң құрылған, билік тармақтары арасындағы нақты тепе-теңдікке арналған кеңістік өте тар.
Екіншіден, ескі редакцияда ұлттық бірегейлік айқын көрінбейді. Мәтіндер әмбебап, бейтарап сипатта, өз тарихы, тілі мен мәдениеті бар нақты бір елге емес, абстрактілі «посткеңестік мемлекетке» арналғандай әсер қалдырады.
Үшіншіден, адам құқықтары қағаз жүзінде бекітілгенімен, жүйенің өзегіне айналмаған. Олар «мемлекет мүддесі», «қоғамдық тәртіп» сияқты нақты айқындалмаған ұғымдардың көлеңкесінде оңай шектеледі. Соның нәтижесінде Конституция ең алдымен институттарды қорғайды, ал адам екінші қатарда қалады.
Жаңа Конституция жобасы – өткеннің қисынынан шығып, посткеңестік кеңістіктен тыс, заманауи мемлекет моделіне көшуге жасалған талпыныс.
Біріншіден, ол кеңестік стильден – ауыр, өктем, бюрократиялық тілден бас тартады. Оның орнына Конституцияны шенеуніктерге арналған нұсқаулық емес, қоғамның ортақ келісімі ретінде түсіндіретін айқын әрі түсінікті логика қалыптасады.
Екіншіден, жаңа модель анағұрлым теңгерімді. Онда тежемелік әрі тепе-теңдік принципі нығайтылады, институттардың рөлі нақтыланады, биліктің бір орталыққа шоғырлануы азаяды. Мемлекет қоғамның «үстінде» емес, оның ішінде қызмет ететін жүйеге айналады.
Үшіншіден, Конституция алғаш рет өзіміздің кім екенімізді және ерекшелігімізді көрсетеді. Ұлттық ерекшелігіміз, өткен тарихымыз, қоғамдық құндылықтарымыз басты орынға қойылады. Бұл жай декларация емес, кім екенімізді және қайда бет алғанымызды заң тұрғысынан бекіту.
Ең маңыздысы, жаңа Конституцияның төрінде – адам тұр. Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл жүйенің іргетасы. Бұл логика бойынша мемлекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі және өзін ашу мүмкіндігі үшін қызмет етеді.



