Новости

Шымкент: Министрлік өкілдері семинар-тренинг өткізді

Мемлекет басшысы «Синтетикалық есірткіні тұтынудың артуы қазақстандық ұлттың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Динамика күрт теріс бағытта өсіп отыр: соңғы үш жылда айналымнан алынатын «синтетика» көлемі 10 есеге артқан. Синтетикалық есірткінің жыл сайын арзан әрі қол жетімді болуы қоғамды алаңдатады. Бұл қауіпті заттар әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылуда және тіпті үйге жеткізіледі. Осы аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болуға тиіс. Сондықтан нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу қажет», — деп атады.

Шымкент қаласына арнайы іссапармен келген Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері өңірдегі нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штаб мүшелерімен кездесіп, мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлері мен қатысушыларға «Жастар арасында синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу тақырыбында» семинар-тренинг өткізді.

Ішкі істер министрлігі тарапынан келген Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Қадырбекұлы Амирханов еліміздегі студенттік жастар мен мектеп оқушылары арасындағы есірткінің алдын алу барысындағы жұмыстармен таныстырып, бұл бағытта кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, өңірлік ведомствоаралық штаб жұмысының тиімділігін арттыру қажеттілігін атап көрсетіп, ол үшін атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде бағыт-бағдар берді.

Денсаулық сақтау министрілігі тарапынан келген Республикалық ғылыми-тәжірибелік психикалық денсаулық орталығы филиалының аға дәрігері Мади Қайламбекұлы Токанов есірткіні медициналық емес мақсатта пайдаланудың жағдайы, есірткі заттарын тұтынудың себептері, синтетикалық есірткілерді тұтынудың клиникалық белгілері, диагностикасы, емдеу-оңалту жұмыстары туралы толыққанды ақпарат беріп, оларды алдын алуда өзіндік тәжірибесімен бөлісті.

Еркін форматта өткен кездесуде лекторларға қатысушылардан бірнеше сұрақтар қойылып, толыққанды жауаптар берілді. 2 кезеңге созылған кездесуде қатысушыларға арнайы үзіліс беріліп, кейіннен әр мәселе бойынша өздерінің көзқарастары айтылып, пікірталас жүргізілді.

Кездесу соңында Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Қадырбекұлы Мемлекет басшысының 1-қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында айтылған синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Сонымен қатар, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.

Атап өту қажет, аталған семинар-тренинг «Серғали-Түркістан» аймақтық қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйым өкілінің қолдауымен өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button