Новости

Қазақстан Республикасының 17 дүркін чемпионы — Айжан Анарбай

Айжан Анарбай — Шымкент ҚПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы. Ол «Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері қызметтік міндетін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген тәртіп сақшысы.

Айжан Ғанимұратқызы 1996 жылы 16-тамызда Түркістан облысында дүниеге келген. Жасынан арнайы нысанды форма киіп, қоғамның тынышы үшін қызмет ететін қырағы тәртіп сақшысы болуды мақсат тұтқан ол спортқа ден қойып өскенін айтады. Балалық шағы кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі — Түркістан қаласында өткен. Жалпы орта мектепті тәмамдап, 2018 жылы Шымкент қаласындағы Қазақстан халықтар достығы университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша түсіп, үздік көрсеткішпен аяқтаған.

2020 жылы ҚР Ішкі істер органдары қатарына қабылданып, қазіргі кезде Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы болып қызмет атқарады. Жұмыста да, өмірде де салауатты өмір салтын ұстанатын полицей бүгінге дейін талай байрақты додаларда топ жарған.

2012-2013 жылдары Жаңаөзен қаласында өткен карате-до «World Karate Federation» түрінен, 2014 жылы Орал каласында юниорлар арасындағы жарыстан, 2014 жылы Қырғызстан мемлекетінің Ыстық-көл қаласында ұйымдастырылған Орталық Азия чемпионатының жеңімпазы. 2015-2016 жылдары Ақтау қаласында қолға алынған Қазақстан Республикасы чемпионатының жастар арасындағы чемпионы. 2017-2018 жылдары Ақтау және Тараз қаласында Ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының, 2015 жылы Жапония мемлекетінің Нагоя қаласында карате-до «Вадо-рю» түрінен әлем чемпионатының ересектер арасында жүлдегері.

Қорыта айтқанда, пагонды ару қазіргі кезге дейін Қазақстан Республикасының 17 дүркін чемпионы және халықаралық турнирлерден жеңімпаз. Карате-до «Сито-рю» және «Шотокан» түрінен бірнеше дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы.

Спорттық сайыстарда қарсыластарынан оза шауып, карате-додан әлем чемпионы атанып, бірнеше мәрте көк туымызды биік шыңға көтерген ол қайта шыныққан сайын шыңдала, тәжірибесі толыға түсетінін айтады.

«Қазіргі таңда полиция қызметкерінің нысанды формасын киіп, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде нәзік жандылардың қатары көбейіп келеді. Жауапкершілігі мол жұмыста ер азаматтармен бірге иық тіресе қызмет ететін арулардың қоғамдағы рөлі көпке үлгі. Полиция қызметін таңдағаныма еш өкінбеймін. Қоғамның тыныштығы үшін әрқашанда қызметке дайынмын», — дейді полиция аға лейтенанты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button