Қаламызда жастарды игілікті іс жасауға шақыру мақсатында акция өтті

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Мен — Донормын” акциясы өтті. Акцияның мақсаты: жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін түсіндіру. Донор болу арқылы өзгеге үміт сыйлау. Өскелең ұрпаққа донор болғанның ешқандай зияндығы болмайтынын түсіндіре отырып, қаламызда донор жандардың қатарын көбейтуге қала тұрғындары мен жастарды игілікті іс жасауға шақыру.
Дертке шалдыққан жандарға үміт сыйлау, оларға қолдау көрсету, жастар бойында мейірімділік, қамқорлық таныту қасиеттерін қалыптастыру мақсатында өткен шараға академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ерікті жастары қатысты.
– Жыл сайын қан тапсыруға ниетті адамдардың көбейіп келе жатқандығы қуантады. Бүгінгі шараға да жасы мен қызметіне қарамай, ниет білдіргендердің қатарының артып отырғандығын көріп қуанып отырмыз. Мұндай сауапты іске белсене қатысқан донорларымызға айтар алғысымыз да шексіз. Жалпы, қан тапсыру сауапты іс әрі оның адам денсаулығына да пайдасы зор. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жасқарып, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік ауруларына шалдықпайды. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады,-дейді дәрігер-терапевті.
Жыл бойы мекемеде «Мен донормын» акциясы өткізіліп тұрады. Акцияға қатысқан адамдардың ішінен тұрақты қан доноры болуға шешім қабылдағандар бар. Қан беру – өзге біреуге жаңа өмір сыйлаумен тең. Қан – адам өмірінің айнымас бөлшегі. Сондықтан да әлемде жыл сайын миллиондаған адам қан құюға мұқтаж болады. Күрделі операцияларда, ауыр босануда, сондай-ақ гемофилиямен және қан аздықтың салдарынан туындайтын ауруларға тек қан керек. Сондықтан қан беру – сауапты іс. Осыны ескергендер акцияға белсенді қатысты. Науқан барысында студенттер мен колледж қызметкерлері ерікті өтеусіз донор болды, еріктілер қатарында тұрақты донорлар да, жауапты кәсіпті алғаш рет шешкендер де болды.
Мұндай қадамды мақтаныш ретінде қабылдауға болады, өйткені Сіз игі іс қана жасап қоймай, донор болуға жарамды адамдардың қатарына кіресіз, яғни қазіргі өмір салтыңыз өзіңізді дені сау адам деп атауға лайық, ал дені сау адам болу қашан да үлкен бақыт болып табылады!



