Шымкентте интернет-алаяқтықтың 31 жайты анықталды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 2023 жылдың 18 мен 20-сәуір аралығында республика аумағында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілді.
Аталған іс шараның мақсаты — интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқықбұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және болған қылмыстарды дер кезінде ашу.
Сондай-ақ, зиянды бағдарламаларды, арнайы техникалық құралдарды, интернет-алаяқтықты, порнографияны оның ішінде балалар порнографиясын дайындайтын және тарататын, суицидалды бағыттағы ойындарды, интернет желісіндегі өзге де құқық бұзушылықтарды насихаттайтын адамдарды анықтау болып табылады.
«Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күндік қорытындысы бойынша бұрын жасалған 31 қылмыс ашылды. Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану бабы бойынша 1 жайт тіркеліп, анықталды. 14 заңға қайшы сайттар бұғатталды.
Құрметті қала тұрғындары!
Қазіргі таңда заманауи технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтық жайттарының да саны артуда. Осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері сақ болуларыңызды сұрайды. Алаяқтар ғаламтор арқылы түрлі жарнамалар таратып, адамдарға сенімсіз сілтемелер жіберіп ақшаны еселеп беруге уәде етеді. Немесе екінші деңгейлі банктер мен ірі компанияларға инвестиция салу арқылы тез арада қаржыңызды көбейтуді ұсынады. Осы тектес алаяқтыққа тап болмас үшін, өзіңіздің жеке деректеріңізді, ұялы телефонға түскен смс-кодтарды бөгде адамдарға ұсынбау қажеттігін ескертеміз. Сақ болыңыз және өзіңізден жақсы ешкім сіздің мүлкіңіз бен жинақтарыңызды сақтай алмайтынын ұмытпаңыз!



