BasNewsЖаңалықтар

Нұр-Сұлтанда карантин үшінші рет күшейтіледі

Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жеті күн ішінде үшінші рет карантин күшейтілді. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлім етті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Әкімдік мәліметі бойынша, өткен тәулікте елордада коронавирусты жұқтырудың 800-ден аса жағдайы тіркелген. Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауы себепті карантин тағы да күшейтіледі. Карантиннің сақталуын анықтайтын мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіліп, тәулік бойғы режимге ауыстырылды.

«Егер мейрамханаларда/кафелерде және басқа да мекемеде іс-шаралар өткізілсе, ол нысанның жұмысы тоқтатылатын болады.

Сонымен қатар, 4 шілдеден бастап «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейтін тамақтану орындарының (мейрамханалар, кафелер) уақыты 02:00-ден 22:00-ге дейін (жабық жерлерде), ал сыртта, яғни есік алдында жұмыс істейтін тамақтану орындарының уақыты 02:00-ден 00:00-ге дейін қысқарады. Сондай-ақ, жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Бұл күні автобустар дезинфекциядан өткізіледі», – делінген хабарламада.

Ashyq жобасын қолданбайтын фитнес-орталықтар (йога орталықтары, т.б.) жұмысы аптаның барлық күнінде де тоқтатылады. Ал Ashyq жобасы бойынша істейтін фитнес-орталықтар (йога орталықтары, т.б.) дүйсенбі-жұма күндері жұмыс істесе, демалыс күндері тоқтатылады.

«Қалада қатаң карантин шараларды енгізбес үшін ұжымдық иммунитетті дамыту қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60 пайыздан асуы тиіс. Қазір қалада вакцинаның бірінші компонентін 229 мыңнан аста адам алды. Медицина қызметкерлерінің 90 пайыздан астамы, ал коммуналдық қызметкерлердің 70 пайыздан астамы коронавирусқа қарсы егілді. Вакцинация ғана өз денсаулығыңызды, жақындарыңыз бен айналаңыздағы жұрттың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді», – делінген әкімдік сайтында.

2 шілдеден бастап қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың елорда күніне арналған бұқаралық іс-шараларға тыйым салу туралы қаулысы күшіне енеді. Жабық мекемелердегі іс-шаралардың бәріне тыйым салынады.

Сондай-ақ, саябақ аумағында орналасқан ашық ауадағы аттракциондардың барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button