BasNewsЖаңалықтар

Легионер, «натуралданған» спортшы және… ниет

Теннисші Елена Рыбакинаның Уимблдондағы даңқты жеңісі біраз шу тудырды. Жақсы мағынасында да, жаман мағынасында да. Жақсысы – қазақстандық спортшы тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирінде топ жарып отыр. Жаманы – ресейліктер оны «мәскеулік қыз» деп атап көрсетіп, жеңісті бірден өзімсініп алды. Тіпті Уимблдонға ресейлік теннисшілер қатыстырылмаса да, Рыбакинаны Кембридж герцогинясы Кейт Миддлтонның құттықтағанын сан-саққа жүгіртті. Сөз астарынан Ұлыбритания үкіметінің Украинадағы «арнайы операцияны» қолдамайтынына қарсылық, тіпті кекесін де аңғарылып тұрды.

Осы тұста қазақ жанкүйерлері де екіге жарылды. Бірі «бізге легионерлер қажет емес, айналып келгенде, өзгелер өзімсінетін жеңістердің керегі жоқ» деп қатты айтады. Екіншілері «Рыбакина – өзіміз тамырына су құйып өсірген талант, оның даму жолындағы барлық шығынын Қазақстан көтерген» дейді. Екі сөздің де жаны бар. Тіпті Рыбакинаның «мен дүниеге келетін жерді таңдай алғаным жоқ» деген сөзінің астарына де ешкім үңілген жоқ.

Осыдан келіп, күн тәртібіндегі ежелгі сұрақ қайтадан көлденеңдейді. Ол – «легионерлер керек пе, жоқ па?» деген сұрақ. Біз де өз әлімізше осы мәселеге жауап іздеп көрейік.

Легионер деген кім?

Спорт спорт болғалы, «достықтың елшісі» деп айдар тағылғалы легионер деген ұғым қатар жасасып келеді. Легионер, әрине, ежелгі Рим легионындағыдай жалдамалы әскер емес, бірақ таланты мен еңбегін ұсынып күн көретін, табыс табатын спортшы ұғымына сай келеді. Легионердің екі түсінігі бар. Біріншісі – белгілі бір елдің клубтық командасында уақытша ойнау, соған сай келісімшарт жасасу. «Легионер» сөзінің негізгі ұғымы осыған жақын. Екіншісі – өзі туған елдің азаматтығынан бас тартып, басқа елдің құрамасы сапында ойнауға келісу, тіпті сол елде уақытша немесе түпкілікті қалу. Яғни спорт тілімен айтсақ, «натуралдану».

Қазақстан жағдайында спорт жанкүйерлерінің біраз бөлігі осы екі құбылысқа да қарсы шығады. Бірақ, ақиқатын айтайық, қазір ешбір елдің спортын легионерсіз елестету мүмкін емес. Футбол жұлдызы Пеле АҚШ-тың «Космос» қаласына «нан табуға» барған уақыттан, яғни 1970 жылдардың ортасынан бері спортшылардың ары-бері ауыс-түйісі қалыпты нәрсе болып саналады. Тіпті 1995 жылдың 15 желтоқсанында бельгиялық футболшы Жан-Марк Босман бес жылға созылған сот ісін өз пайдасына шешкеннен кейін, Еуроодақ елдерінің спортшылары бір-біріне шетелдік болып саналуды қойды. Қазір біз футболдан Қазақстан чемпионатында көріп отырған жағдай да осыған ұқсайды: бүгінде Қазақстан премьер-лигасында Еуразиялық одаққа мүше елдердің футболшылары легионер болып саналмайды. Сондықтан биыл «Атырау» мен «Қызылжар» кейбір ойындарда алаңға 10 шетелдік, жалғыз ғана отандық футболшы жіберсе де, ешкім заң бұзды деп оларды айыптаған жоқ.

Әлемдік алыс-беріс

Әрине, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бері бұл үдеріс бізбен бірге жасасып келеді. Өйткені бұрын бір ту астында болған 15 елдің спортшылары арада 30 жыл өтсе де, әлі күнге дейін бір-бірімен мидай араласып, бір, екі, тіпті үш елдің намысын қорғаға оқиғалар да кездесті.

Әуелі әлемдік деңгейде назар аударған мәселелерге келейік.

Көп жағдайда жеңіл атлетикада азаматтық ауыстыру күн тәртібінен түспейді. Өйткені Кения, Эфиопия сияқты елдердің ұлттық құрамаға енбейтін жүйріктері халықаралық жарыстарға қатысу үшін Бахрейн, Қатар, Әзербайжан, т.б. елдердің азаматтығын қабылдайды. Тіпті Бахрейн атынан олимпиада жүлделерін осы күнге дейін үш-ақ спортшы жеңіп алса, үшеуі де Кениядан келгендер екен.

Ресейде туған, тегі грузин балуан Давид Мусульбес бірнеше жыл Словакия атынан күресті. Сидней олимпиадасының чемпионы атанды, екі рет әлем чемпионатын жеңіп алды.

Даңқты Александр Карелиннің тасасында ұзақ жыл жүрген балуан Юрий Патрикеев те 2005 жылы Армения азаматтығын қабылдап, 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының қола жүлдесін иеленді, 2010 жылы әлемнің вице-чемпионы атағына Мәскеуде қол жеткізді.

Ресейлік биатлоншы Анастасия Кузьмина Ресей құрамасында қала берсе, ешқашан олимпиада чемпионы бола алмайтынын сұқбатында батыл айтты. Ол 2010 жылы Ванкуверде, 2014 жылы Сочиде Словакияға екі алтын жүлде сыйлады.

Оңтүстіккореялық шорттрекші Виктор Ан (шын аты – Ан Хен Су) 2011 жылы Ресей азаматтығын қабылдады да, Сочи олимпиадасында Ресей құрамасының серкесі болды. Ол жеке қашықтықтарда екі алтын, бір қола жеңіп алды, эстафетада құлап қалғанына қарамастан, бәрібір мәре сызығын командаластарымен бірге бірінші болып қиды.

Қазақстан спортына әсері қандай?

Қазақстанның әр спорт түріндегі құрамаларына «натуралданған» спортшылар 1990 жылдардың ортасында келе бастады. Әсіресе еркін күресте көбірек болғаны да рас. Магомед Куруглиев, Елмәди Жабрайылов, Әбіл Ибрагимов, Геннадий Лалиев, Леонид Спиридонов, Таймураз Тигиев, Марид Муталимов сияқты спортшылар ұзақ жыл ұлттық құраманың көшбасшысы болды. Лалиев пен Муталимов олимпиада жүлдегерлері атанды, Спиридонов олимпиада алтылығына енді, Тигиев Бейжіңде күміс олжа салғанмен, допинг дауына қатысты қайтарып беруге мәжбүр болды. Қазір еркін күрестен Қазақстан құрамасында Нұрислам Санаевтың бәсі жоғары. 2014 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдап, Артас Санаа деген атын Нұрислам деп өзгерген балуан Токио олимпиадасында қоладан жүлде салды, екі рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Сондай-ақ Дағыстанда туған ноғай жігіті Юсуп Батырмырзаев те қазір Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүр.

Грек-рим күресінен Мхитар Манкуян, Георгий Цурцумия, Данил Халимов, Даниал Гаджиев сияқты балуандар сырттан келіп ел намысын қорғады. Олар олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарында жақсы өнер көрсетті, спорт жылнамаларына өшпес жетістік парағын қосты. Дегенмен соңғы жылдары бұл күрес түрінен олимпиадаларға небәрі үш балуанымыз ғана барып жүргенін де ұмытпауымыз керек.

Әйелдер күресінде әр жылдары Валентина Исламова, Гүзел Манюрова, Ольга Смирнова сияқты спортшылар негізінен Ресейден келіп, Қазақстан атынан сынға түсті. Манюрова Рио олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Ауыр атлетикадан Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедовалардың атағы бір кездері қатты аспандады. Әзербайжан Нижат Рахимов та әнұранымызды асқақтатқанмен, кейін шикілігі анықталып жатыр.

2018 жылы Өскеменге келіп, жақында ғана Қазақстан атынан сынға түсуге рұқсат алған кениялық желаяқтар да бар. Олар осы күндері Юджиндегі (АҚШ) әлем чемпионатына қатысып жатыр. Тіпті арасында жарыстың басты фавориті ретінде қарастырылып отырғандары да жоқ емес.

Теннистен соңғы жылдардағы табысымызда Андрей Голубев, Юрий Щукин, Михаил Кукушкин, Александр Бублик, Ярослава Шведова, Юлия Путинцева сияқты экс-ресейлік спортшылардың үлесі зор. Ксения Первак та біраз жыл Қазақстан туының астында өнер көрсетті. Болгар қызы Сесил Каратанчеваның да біраз уақыт көк түсті төлқұжаты болды. Шведова жұптасып өнер көрсетуде «Үлкен дулығаны» алғаш Қазақстанға әкелді. Енді Рыбакина жеке есепте топ жарып отыр.

Футболда мұндай «натуралданған» азаматтарды көптеп айтуға болады. Дегенмен федерация басшылығы 2000 жылдардан бері қарай түбі қазақстандық бірнеше футболшыны құрамаға тартты. Дмитрий Ляпкин, Генрих Шмидтгаль, Константин Энгель, Александр Меркель сияқты ойыншылар қал-қадерінше құраманы алға сүйреді. Түбі қазақ Олег Мусин де құрамада біраз тер төкті. Дегенмен басқа елдерде туып-өскен Александр Богданов, Юрий Аксенов, Александр Попов, Қазбек Гетериев, т.б. футболшылардың да құрама жейдесін киген сәттері болды.

Қысқы спорт түрлерінен биатлоншы Елена Хрусталеваның еңбегін атап өтпей болмайды. Ол 2010 жылғы Ванкувер олимпиадасында 15 шақырымдық жарыста екінші нәтиже көрсетіп, олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Елена әуелі – Ресей, содан кейін Беларусь атынан сынға түсті. Дегенмен спорттағы зор әлеуетін Қазақстанда көрсете алды деуімізге болады.

Басқа көптеген спорт түрлерінен де біраз «натуралданған» спортшыларды тауып алуға болады. Біз жанкүйер көбірек назар аударатын спорт түрлеріне әдейі тоқталдық.

Жақсысын үйреніп, жаманынан жирендік пе?

Легионерлер спортқа не үшін керек? Әдетте осы сұрақты мамандарға қойсаңыз, «өзіміздің жастар солардың қасында жүріп үйренуі керек, легионерлердің шеберлігі басқа спортшылардан бір бас жоғары болмаса, шақырып қажет емес» дейді. Іс жүзінде солай ма?

Жоғарыдағы тізімге көз салсаңыз, еркін күрестен олимпиада жүлделерін иеленген «натуралданған» спортшылармен бірге өз балуандарымыздың да жақсы нәтижелер көрсеткенін байқауымызға болады. Мәулен Мамыров пен Ислам Байрамуков 1990 жылдардың ортасынан 2000 жылдардың ортасына дейін ұлттық құраманың талассыз серкесі болды. Кейін Дәурен Жұмағазиев, Дәулет Шабанбай, Дәулет Ниязбеков сияқты балуандар көшке ілесіп қана қоймай, байрақты сындарда олжа салды.

Грек-рим күресінен жоғарыда біз атап өткен төрт легионерден басқа ешкім қазақ жігіттерінің арасына сыналап ене алған жоқ. Әлем чемпионатының бес жүлдесін иеленген, олимпиадада екі рет үздік бестікке енген Алмат Кебісбаев, Бейжің олимпиадасының бермесін тартып алған, кейін әлем чемпионатында да олжа салған Нұрбақыт Теңізбаев, Досжан Кәртіков, Ермек Көкетов сияқты жігіттер де жақсы бәсекелестіктен өсіп шыққаны күмәнсіз.

Ауыр атлеттер қанша допинг дауына ілінсе де, олар бастап берген табыс жолы осы күнге дейін жалғасып келеді. Илья Ильинді былай қойғанда, Сергей Филимонов, Алмас Өтешев, Жасұлан Қыдырбаев, Александр Зайчиков, Анна Нұрмұхаметова, Жазира Жапарқұл, Карина Горичева сияқты тамаша зілтеміршілер, күні кеше Токио олимпиадасында қола жүлде керуенін бастап берген Игорь Сон – бәрі-бәрі өз мектептеріміздің түлектері.

Жеңіл атлетикада дәстүрі жалғастығы сәл үзіліп тұрғаны жасырын емес. Ольга Шишигина бастап берген даңқты жолды кейін Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова лайықты жалғастырды. Ольга тіпті үш олимпиаада үш түрлі жүлде иеленіп, қазақ спортының жаңа рекордын жасады. Әрине, қазір өз түлектеріміздің арасында биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая көбірек үміттендіреді. Жақында Алматыда өткен Қосанов мемориалында Елизавета Матвеева жеңіл атлетиканың осы бағдарламасынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Күні ертең кениялық «жаңа қазақстандықтармен» шендесе өнер көрсете алатын желаяқтар шығып жаста, нұр үстіне нұр болар еді.

Теннистен Дэвис кубогы, Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасы ширек финалға жетіп, әлемдік топ лигаға жыл сайын тұрақтап жатса, оған тек «легионерлер» үлес қосып жатыр деуге келмес. Зарина Диас қазақ қыздары арасынан WTA турнирін тұңғыш рет жеңіп алды (2017 ж.), олимпиадада өнер көрсетті. Жас теннисшілер арасында түркістандық Заңғар Нұрланұлы біраз уақыт өз жас деңгейі бойынша көш бастап келеді. Жақында ол Tennis Europe сериялы турнирінің финалында өнер көрсетті. Демек, күні ертең-ақ Жібек Құламбаева, Дана Байдәулет, Гөзәл Айнитдинова, Ерасыл Ерділдә сияқты жастар қазіргі көшбасшылардың орнын басады.

Қазақстан атынан сынға түсіп, барлық даму жолынан біздің елдің атынан өтіп жатқан спортшыларды жатсына беру де жөн емес болар. Мысалы, биыл ұлттар лигасында өте сәтті өнер  көсретіп жатқан Қазақстан құрамасында Сергей Малый ғана футбол әліппесін басқа елде үйренген. Боксшы жігіттеріміз тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері таза өз құрамамызбен өнер көрсетіп келеді. Дзюдошы жігіттердің 2000 жылдардан бергі табысын Асқат Житкеев пен Асқат Шахаров бастап бергені, оны Максим Раков жақсы жалғастырып, бүгінгі Елдос Сметовтерге табыстағаны да ауыз толтырып айтарлық табыс екені күмәнсіз.

Футзалымызда «натуралданған» спортшылар мен жас таланттардың ара салмағы соңғы жылдары теңеліп қалды. Әрине, Дуглас, Игита, Лео, т.б. «жаңа қазақтардың» үлесі өте зор. Дегенмен қазақстандық футзалшылар олардың тасасында қалып қойған жоқ. Қазақ жігіті Біржан Оразов Еуропа чемпионатының бас мергені атанды. Серік Жаманқұлов, Дәурен Тұрсағұлов, Шыңғыс Есенаманов, Дінмұхамбет Сүлейменов, Дәурен Нұрғожин, Альберт Ақбалықов, Жомарт Тоқаев, т.б. футзалшылар халықаралық деңгейде мойындалған тұлғаларға айналды. Жақында ұлттық құраманың бас бапкері Каканың өзі енді Қазақстанда шетелдік футзалшыларды «натуралдау» қажеттігі жоқ екенін айтты, өзіміздің жас жігіттердің өсуіне барлық алғышарттар қалыптасқанын мәлімдеді.

Легионер болған, бар және бола береді. Ең бастысы, оларды уақытша тұлғалар ретінде қабылдамай, өзімсіну де қажет-ақ. Кейде өз елінде екінші немесе үшінші нөмірде жүрген (жоғарыдағы А.Кузьмина сияқты) спортшылар басқа елге барғанда тынысы ашылуы мүмкін. Сондықтан олардың табысына жұмсалатын шығын өз алдына әңгіме болса да, олар қалдыратын үлгіні ұмытпауымыз керек. Виктор Анның қасында жүріп ресейлік Семен Елистратов әлемдік деңгейдегі шорттрекшіге айналды. Қазір оның Орынборда жеке жаттығу базасы бар. Биылғы Бейжің олимпиадасында Елистратовтың қасына Константин Ивлиев қосылды.

Қысқаша айтқанда, легионер немесе «натуралданған» спортшылар тақырыбы – әлемдік әңгіме өзегі. Олардың спорттағы табысын ешкім сызып тастай алмайды. Ал оны жергілікті жұрт өзімсініп жатса, тіпті керемет.

Back to top button