Пікір

Әскерге бар да, грант ұтып ал

Елімізде биылғы 8 айда 10 сарбаз өз-өзіне қол жұмсады. Астананың өзінде 2022 жылы 5000-нан астам жігіт әскерден жалтарып, іздеуде жүр.

ҚР Қорғаныс министрлігі жағдайды түзету үшін түрлі жолдарды қарастыруда. Вasnews.kz редакциясы жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі жайлы сарапшылардың пікірін сұрады.

Мәселен, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеуінсіз оқуға түсу шарасы мәселенің шешілуіне шамалы ықпалын тигізуі мүмкін. Алайда:

«Көптің мәселесін шешпейді. Жастардың барлығы оқуға ұмтылмайды, жағдайына қарайды. Білім алғысы келетін жігіттің алдында қосымша тағы бір жыл мерзім туады. Қазіргі кезде әскер туралы мардымсыз ақпарат көбейіп кетті. Осы жағдай да оларды ойға түсіреді.

Ал жас жауынгерге кредиттік каникул берген жақсы шара болар. Бірақ сол уақытта мерзімді әскери қызметке шақырылған жігіт ақшасын қалай жинайды? Кредиттік каникул жұмысы, ақшасын жинап алуға мүмкіндігі бар адамға пайдалы. Ал жауынгер әскери борышын атқарып келгенде алдынан өскен қарызы тұрады. Банктің несиеге ақша беретін саясатына бұл жағдай қайшы келеді. Банктер кез-келген жастың әскерге барып қалуы мүмкін екенін ескеріп, кредиттік саясатын өзгертуге үлгереді дегенге сене алмаймын. Егер Үкімет жас жауынгердің алған кредитінің белгілі пайызын әскери қызмет мерзімінде төлеп отырса, бұл дұрыс болатын еді.

Ал енді осы мәселені мемлекет көзқарасымен қарасақ. Оқуға  білімділігі төмендеу, ҰБТ-дан өте алмаған азаматтар түседі. Жалпы мамандардың деңгейі төмендейді. Ал сол азаматтардың кредиттік қарызын Үкімет төлесе бұл жағдай жекеменшік банктерге үнемді, ал мемлекет қорына шығын әкеледі.

Ертең осы шаралар талқылаудан өтіп қабылданса, жастардың өздері Қорғаныс департаменттеріне келеді дегенге сенбеймін», – деді ол.

Ал  ішкі істер органдарының қызметі саласында 40 жыл еңбек өтілі бар Полатбек Жолановтың ойынша, жігіттердің әскерден жалтаруына ата-аналары кінәлі. Сондықтан жұмыс олармен жүргізілуі тиіс.

«Қазіргі балалардың әскерге барғылары келмейді. Жеңіл жүргісі келеді. Еріншек, «анасының баласы» болып кеткен. Әке-шешелері оларды қатты еркелетеді. Олай еркелеткендері дұрыс емес. Жұмысқа жегу керек. Кішкентайынан жұмысқа жексе ғана бала патриот болады. Біз кезінде әскери борышымызды екі жыл атқардық. Мәселен, мен Владивостокта болған едім. Қазіргі балалар бір-ақ жыл қызмет етеді. Рақат емес пе? Неге бұл балалар қашып жүр? Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ, балалардың денсаулығына көңіл бөлу керек. Біріншіден, қолдарынан телефондарын тастамайды. Сондықтан көздерінің көруі нашарлайды. Екіншіден, энергетикалық сусындар. Жүректі құртады. Осыны да ескеруіміз керек.

Отанды қорғау, сүю керек. Тәрбие жұмысы бірінші сыныптан бастап жүргізілуі тиіс. Сонда ғана  біз мемлекетті ұстап тұра аламыз. Украинада әйелдер мен кемпірлеріне дейін шығып, әскерилеріне көмектесіп жүр. Нағыз патриоттық осы».

Еске салайық, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ нәтижесінсіз-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсе алатынын айтты. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүргендерге несиелік демалыс беру мәселесін пысықтауда.

Back to top button