BasNewsЖаңалықтар

Қазақстандық спортшы екі дүркін чемпион атанды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан IV Азия Пара ойындарында Нұрдәулет Жұмағали суға жүзу жарысында алтын медаль иегері атанды. Ол 200 метр қашықтықты 2 минут 16:74 секундтта жүзіп өтіп, Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты, деп хабарлайды basnews.kz.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыны жеңісімен құттықтады.

Нұрдәулетті осы жетістігімен құттықтаймын! Бүгін біздің чемпионымызға тең келетін ешкім болған жоқ. Оған еліміздің туы астында жеңіс жолын жалғастырып, отандастарын жарқын жеңістерімен қуантуын тілеймін! – деді министр.

Бүгін Қазақстан командасы параволейболдан күміс медаль жеңіп алды. Алтын медаль үшін тартысты ойында Қазақстан құрамасы Иран командасына есе жіберді.

Еске сала кетсек, волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында келесі жылы Парижде өтетін Паралимпиадаға жолдама алған болатын.

Ал кеше Қазақстан спортшылары 1 алтын және 1 қола медаль иеленді. Диас Кенжебек жүзуден алтын медаль иегері атанды. Ол 100 метр қашықтықты 1 минут 05:42 секундта жүзіп өтіп, Азия және Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Одан кейін пара велоспорттан Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды.

Тасжолдағы пара веложарыс топтық сайысында ұлттық құрама спортшылары Кенжеғұл Сейітжан мен Антон Лаврентьев мәреге үшінші болып жетті.

Back to top button