BasNewsЖаңалықтарСараптама

Еліміздегі апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Еліміздегі апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйістер шолуын ұсынамыз.

29 наурызда Ерлан Құтпанбаев орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

Ерлан Құтпанбаев 1980 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «Орман шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша бітірген. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласында 2002 жылдан бастап жұмыс істейді, еңбек жолын орман шебері лауазымынан бастаған.

***

Осы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті таныстырды.

Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев 1970 жылы 31 қазанда Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «механик, қолданбалы математик» мамандығы бойынша, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін, Стэнфорд университетінің Жоғары бизнес мектебін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры.

***

Гамаль Тоқсамбаев Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасына басшы болып тағайындалды.

Гамаль Тоқсамбаевтың екі жоғары білімі бар: 1998 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының емдеу факультетін, 2014 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын «экономика» мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

***

Асқар Санаубаров Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Асқар Санаубаровтың екі жоғары білімі бар. 2000 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «агрономия» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарып келді.

***

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өкімімен Азамат Сәлімбаев облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Азамат Сәлімбаев 1985 жылы 20 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары, 2007 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін экономика мамандығымен бітірген. 2020 жылдың сәуірінен 2021 жылдың наурызына дейін Атырау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Осы тағайындауға дейін облыс әкімінің кеңесшісі болған.

***

30 наурызда ҚР Үкіметінің қаулысымен Әділбек Сәрсембаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Әділбек Сәрсембаев 1978 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын юриспруденция мамандығы бойынша бітірген. 2020 жылғы мамырдан қазіргі уақытқа дейін «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болды.

***

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметіне Қайрат Қамзин тағайындалды.

Қайрат Қамзиннің екі жоғары білімі бар: 1998 жылы «машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және 2009 жылы «қаржы» мамандығы бойынша Қарағанды «Болашақ» университетін бітірген. 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Приозерск қаласының әкімі қызметін атқарды.

***

Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы тағайындалды. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес аталған қызметке Руслан Қайрақбаев келді.

Ол 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі», Қызылорда экономика, экология және құқық академиялық университетін «Заңтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы Қызылорда облысы мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасында өрт бөлімінің аға инженері болып бастаған. 2019 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары лауазымында болды.

***

2 сәуірде Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Нұрлыбек Нәлібаев 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. 2021 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

***

Осы күні Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Балжан Шәменова облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Б. Шәменова 1962 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент. 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылық лауазымдарында әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызмет атқарып келді.

***

Түркістан облысы, Жетісай ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, ротация тәртібімен бұл қызметті Мұрат Қадырбек атқаратын болды.

Мұрат Болатұлы 1980 жылы Шардара ауданында туған. Білімі жоғары, заңгер, құқықтану магистрі. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. 2016 жылдан бері Арыс қаласының әкімі болды.

***

Алматы облысы әкімінің өкімімен Ерлан Исабеков Қаратал ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ерлан Исабеков 1977 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде және «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Джорджтаун университетінде оқып, математик, қолданбалы математика саласының маманы мамандығын және математика, экономика магистрі ғылыми дәрежелерін алған. 2018 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Ақмола облысы Егіндікөл ауданының әкімі қызметін атқарды.

***

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы болып Ермек Омарбеков тағайындалды.

Ермек Сембайұлы 1968 жылы 16 қарашада Семей қаласында дүниеге келген. Педиатрия және қоғамдық денсаулық сақтау мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы Ана мен бала орталығының директоры болып жұмыс істеген.

inform.kz

Back to top button
Close