BasNewsЖаңалықтар

Смайылов АМТ-ды Қазақстан пайдасына беру рәсімі аяқталу сатысында екенін хабарлады

Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Костенко шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты тергеу жұмысын жүргізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын еске салды, деп хабарлайды basnews.kz.

Осындай апат биыл тамыз айында да болған деді премьер-министр. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты.

«Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өзін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жыл бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғып жатыр. Компания өз міндеттемесін орындаған жоқ. Қазір «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында», – деп хабарлайды Әлихан Смайылов.

Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтауды жалғастырады. Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.

«Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды», – деді Әлихан Смайылов.

Back to top button