Үйінділердің астында екі апта: үндістандық құтқарушылар жұмысшыларды шығара алмай жатыр
Үндістанда құтқарушылар туннельде қалып кеткен 41 жұмысшыға жету үшін бейсенбі күні бойы жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Олар түнде жұмысқа кедергі келтірген металды алғаннан кейін үйіндіні тоқтамай бұрғылайды, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Үйіндінің соңғы үштен бір бөлігі ғана қалғандықтан құтқарушылар жұмысшыларға бейсенбі таңда жетеміз деп ойлаған. Сол жерді бұрғылағаннан кейін туннельге эвакуациялық құбыр орнатылуы тиіс еді.
Бірақ олар темір кедергіге тап болып, оны жолдан алып тастау үшін алты сағат уақыты кетті, деп хабарлады туннель жобасы бойынша жұмыс істейтін Кульбе.
«Тағы күтпеген жағдай болып қалмаса, 14-15 сағаттан соң жұмысшыларға жетеміз деп есептеп отырмыз. Тағы қандай қиындықтар кездесетінін болжау қиын», – деді ол.
Сонымен қатар тағы бір металл немесе тас кедергі болмаса аса қиындық туындамауы керек, себебі құрылымның өзі қатты емес деп атап өтті.
Кеше опырылып түскен туннельдің ішіндегі 41 жұмысшыға жету үшін құтқарушылар үйіндінің жартысына жуығын бұрғылағаны хабарланған болатын.
12 қарашада Уттуракхандада құрылыс кезінде опырылып түскен туннельде 41 жұмысшы қалып қойғанын еске сала кетейік. Көп ұзамай адамдармен байланыс орнатылып, содан бері оларға оттегі, тамақ пен су жеткізіп жатыр.
Гималай аумағын бұрғылау қиын болғандықтан адамдарды құтқару да кешеуілдеген.