Ұлттық ұлан ардагерлеріне құрмет көрсетілді

ІІМ және Ұлттық ұлан ардагерлері күніне орай Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында әскери қызметтің дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.
5518 әскери бөлімінің базасында өткен салтанатты шараға әр жылдары Ұлттық ұлан қатарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған ардагерлер қатысты. Жиын барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев оннан астам ардагерге алғыс хаттар табыстап, ел тыныштығы мен әскери тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы көпжылдық еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев ардагерлердің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Өскемен гарнизонындағы ардагерлер жас сарбаздармен тұрақты кездесулер өткізіп, өмірлік және әскери тәжірибелерімен бөлісіп келеді.
– Ардагерлер мен өскелең ұрпақ арасындағы байланысты нығайту – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде саптан кеткенімен, әскери салттан қол үзбеген ардагерлеріміз әскери бөлімдерге жиі келіп, жас сарбаздарға ақыл-кеңестерін беріп, бағыт-бағдар көрсетуде. Бұл – кейінгі буын үшін үлкен өнеге, – деді Айдар Оразбаев.
Қазіргі таңда Өскемен гарнизонында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518, 6699 және 3477 әскери бөлімдерінде әр жылдары қызмет атқарған 500-ге жуық ардагер бар. Олардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне өз үлестерін қосып келеді.
Ардагерлердің өмір жолы мен мол тәжірибесі – жас буын үшін тағылым мектебі. Сондықтан олардың өнегелі ісін насихаттау және ұрпақтар сабақтастығын сақтау Ұлттық ұланның маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



