BasNewsПікір

Тоқаевқа кім қарсы?

Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтетін күн мәлім болғанымен саяси додаға түсетін үміткерлердің есімдері белгісіз.

Сондықтан Вasnews.kz редакциясы елге танымал саясаттанушылардың пікірін сұрады.

Мәселен, Қазақстандық қоғамтану институтының басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов әрбір партиядан сайлауға түсуі мүмкін үміткерлердің аттарын тізіп берді.

«Саяси құрылысымыздағы негізгі партиялардың жұмысына қарайтын болсақ, бүгінгі таңда елімізде «Аманат» «Ауыл», ҚХП, «Ақжол», Жалпы ұлттық социал демократиялық партиялары бар. Жақында Қазақстан халық партиясы «Аманат» үміткерін қолдайтыны туралы  жария еткен болатын. Дегенмен, ҚХП-ға жаңадан келген төраға Ермұхамбет Ертісбаевты Президент сайлауына түсуге барлық параметрлер бойынша толықтай сәйкес келеді. Алайда «Аманат» партиясының үміткерін қолдаймыз», – деген ұсыныспен шыққаннан кейін бұл партия қатарынан үміткер болмауы мүмкін. «Ауыл» партиясынан Әли Бектаев немесе Төлеутай Рахымбековтың қатысуы мүмкін. Басқа кандидатураны көріп тұрған жоқпын. «Ақжол» партиясы атынан саяси додаға Азат Перуашев түсуі мүмкін. Дания Еспаеваны да ұмытпайық.  Жаңа «Алтын орда» партиясын құрған Әлихан Қайсаров өзін үміткерлікке ұсынуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні ресми тіркелген саяси партиялардан бөлек Конституциялық реформаға сай партияларды тіркеген тізім беруге шегі төмендетілгеннен кейін Әділет министрлігіне 20 шақты партия өзінің ұсынысын берген. Соңғы мәлімет бойынша 3 партия бірінші кезектен өтіп отыр. Олар: «Намыс», Халық дербестігі партиясы және «Байтақ». Сондықтан Санжар Боқаев, Азаматхан Әміртай, Ирак Елекеев пен Олжас Сүлейменов те сайлауға қатыса алады. Менің ойымша, Олжас Сүлейменовтың өзі шығуы мүмкін. Ол мүше болып отырған «Байтақ» партиясының әлеуеті жоғары.  Неге десеңіз, қазіргі таңда қоғамдағы түйткілді мәселенің бірі – экология. Ал бұл саяси ұйым өзінің солшыл, жасылдар партиясы ретінде шыққалы отыр. «Ел тірегінен» Нұржан Әлтаевтың мемлекеттік қызметтегі өтілі бар, сондықтан неге бармасқа?! Оппозициядан Мұхтар Тайжан, Болат Әбіловтер де өзін Президенттік сайлауға үміткер ретінде қарастырып жатыр. Алайда Мұхтар Тайжанның қазіргі заң, талап бойынша бес жылдық мемлекеттік өтілі жоқ болғандықтан өтпей тұр. Ал Болат Әбілов сайлауға түскен күннің өзінде қоғамдағы алатын ұпайы төмен болуы мүмкін», – саясаттанушы.

Дос Көшімнің пікірінше, елімізде Президентікке үміткерге қойылатын талаптар жоғары болғандықтан, додаға қатысушылар саны көп болмайды:

«Қазақстандағы президенттік сайлауға 13 млн адам түседі деп айтуға болатын еді. Алайда бізде ондай емес. Президенттікке үміткерге қойылатын талаптардың ішінде әлемде кездесетіндері де, миға кіріп шықпайтындары, яғни жүйені ұстап қалу үшін қазіргі билікке қарсы пікір айтып жүрген азаматтарды жібермейтіндей жасалған ережелер де бар.  Соның бірі – мемлекеттік қызметте бес жыл жұыс жасау. Менің ойымша, осындай талаптардың кесірінен сайлауға түсемін деген көптеген азаматтардың жолы байланатындығы айдан анық. Жеке, өзі қатысатын адамның атын атай алмаймын. Оның өзі саяси мәдениетсіздік болып көрінетін шығар. Сондықтан қандай топтардың қатысатыны туралы айтуға болады. 2019 жылғы сайлауда халықты көтерген және сол кезде билікке қарсы тұра білген ұлтшылдар, қазақ сайлаушылары, ұлтшыл азаматтардың тобы, оның ішінде Әміржан Қосанов, өзіміздің күшімізді жақсы көрсеттік. Өкінішке қарай, оппозиция Қосановты қолдамады. Бірақ бұл үміткер мықты болды. Бұған қарап, ұлтшылдарға белгілі бір бөгет (бес жылдық мемлекеттік қызметті істеу керек) қойылды. Ұлтшылдардың ішінде ондай азаматтар жоқ. Ешқайсысы . Оппозиция өкілдерінің көпшілігінде мемлекеттік қызметте істеуге мүмкіндіктері бар. Көпшілігі Назарбаевтың дастарханынан тамақ ішкендер ғой. Мүмкіншіліктері бар болғанымен, бір-бірінің аяғынан тартуды, менің ойымша, қоймайтын сияқты. Өкінішке қарай біреуі алға басса, қалғандары етегінен тартады. Қысқасы, оппозициядан бір адам шыға ма шықпай ма мен әзір білмеймін. Алайда ұлтшылдардың шықпайтыны айдан анық. Жасанды бәсекелестер деген бар. Бұл тоқсаныншы жылдардан бастап келе жатқан ойын. Бәсекелестікті тудыру үшін 3-4 адамның осы сайлауға қатысуы әбден мүмкін».

Саясаттанушы Рустам Сағадиев те өз пікірімен бөлісті:

«Менің ойымша, бұл сайлауға оппозициядан Ермұрат Бәпи ағамыз қатысатын сияқты. Өйткені басқа ешкімнің бес жылдық жұмыс істеген мерзімі жоқ. Екіншіден, бұл кісі қазақ тілді емтиханнан да өте алады. Ол қатыспаса, басқа кандидаттарды көріп тұрған жоқпын. Партияларға келетін болсақ, «Ақжол» мен «Ауыл» үміткерлерін ұсынатын болар».

Бауыржан Серікбай кім қатысады не қатыспайтынын айтпағанымен, сайлаудың жоғарғы деңгейде өтетініне сенімді екенін айтты:

«Біріншіден, Президент сайлаудың қашан өтетіндігі жайлы Жолдауда алдын ала айтты. Сарапшылар мен белсенді азаматтар, саясаткерлер талқылап, қорытып үлгеретіндей бір айға жуық уақыт болды. Парламент сайлауы туралы да алдын ала айтылды. Саяси партиялар келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өтетін Парламент сайлауына дайындалуға да уақыты жеткілікті. Екіншіден, қазіргі уақытта геосаяси жағдай, Орта Азияда болып жатқан процестерді көріп отырмыз. Күрделі жағдайға қарамастан елімізде саяси реформалар жүргізіліп келеді. Саяси институттардың жаңаруы да уақыттың талабы деп айтуға болады. Сондықтан қоғамымыз алдағы сайлауда  жоғары саяси мәдениетпен өз таңдауын жасайды деп сенеміз. Ең бастысы елдің тәуелсіздігі, территориялық тұтастығы мен мемлекетіміздің бейбіт аспан астында дамуы. Осы құндылықтар барша Қазақстандықтарды біріктіретін негізгі басымдықтар деп айтуға болады».

Еске салайық, 20 қараша күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Тиісті жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қыркүйекте қол қойды. Қыркүйектің 16-сы күні gарламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға президент сайлауы бойынша енгізілетін түзетулер мақұлданды. Енді Қазақстанда президент жеті жылға бір рет сайланады. 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында кезектен тыс президенттік сайлауды 2022 жылдың күзінде өткізуді ұсынды. Сондай-ақ мемлекет басшысы парламент пен мәслихаттар сайлауын 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында өткізуді ұсынды.

 

 

 

Back to top button