ЖаңалықтарШымкент

«Жұлдыздар қауіпсіздік үшін» жобасында ұялы телефондарды қуаттау құрылғысын дұрыс пайдалану түсіндірілді

Шымкент қалалық опера және балет театры директорының орынбасары, театр және кино актері, қазақ өнерінің қайраткері Талғат Құрманбекұлы Келімбетов Тұран ауданы ТЖ басқармасының ұйымдастыруымен ҚР ТЖМ-ның «Жұлдыздар қауіпсіздік үшін» жобасына қатысып, ұялы телефондарды қуаттау құрылғысын дұрыс пайдалануға шақырды.

Қалталы телефонға телмірген заманда оның қуатының тез таусылуы біреулер үшін қалыпты жағдай болса, басқалар үшін тынымсыз тіршілігі тоқтап қалатындай. Өйткені, сымсыз ұялы байланыс талай жұмысыңызды ретке келтіруге септігін тигізіп, желідей жүйткіген ғаламтор арқылы отандық немесе жаһандық жаңалықты жалпыға жар салады. Ал, олардан үнемі хабардар болып, керекті адамыңызбен тілдесу үшін құдіреті күшті қалта телефонның қуаты жоқ болса, байланыс құралыңыздың пайдасы шамалы. Сондықтан ұялы байланыстың әрдайым зарядты түрде болуы маңызды. Ал, біз қазіргі смартфондарымызды дұрыс қуаттап, оны үнемді пайдалана білеміз бе? Міне, осы жайында азды-көпті ақпаратты ашсақ дейміз.
Ұялы телефонды және тағы басқа заманауи құрылғыларды қуаттаудың өзіндік қалыптасқан, мамандардың бекіткен ережелері бар. Соларға сай смартфоныңызды қуаттасаңыз, ұзақ уақытқа дейін жарамды болады. Кез келген байланыс құралыңызды 100%-ға дейін қуаттаудың қажеті жоқ. Қалыпты жағдайда батареяны 30-80% аралықта пайдаланса, қызмет ету мерзімі де көп болады. Mail.ru Hi-Tech порталының мамандарының айтуынша, тоқ көзінде зарядталып тұрған батарея зарядталу шегіне жақындаған сайын қыза түседі. Ал, ол оның ішкі құрылысының бұзылуына, электр зарядтарының тасымалына кері әсер етеді. Сондай-ақ, телефонды таңға дейін қуаттауға қойған дұрыс емес. Кейбір адамдар ұйқыдан тұрғанша қуаты толып тұрса екен дейді, алайда, одан келетін қауіп-қатер арта түседі. Себебі, шамадан тыс тоқ көзіне жалғанып, қуатталған телефон қыза түсіп, батареясына зиян келтіреді. Соның салдарынан жалын шығуы да ықтимал. Көбінесе ұялы байланыс құралдарының батареялары жоғары температураға шыдамсыз болып келеді. Оларды қалыпты жағдайда 1о С-35о С температура аралығында ұстаған дұрысырақ.
Телефондарды қуаттаған кезде қорғаныш қабын шешіп тастау керек.

Back to top button