Студенттерге гендерлік саясат және қоғамдағы қыздардың рөлін арттыруға бағытталған іс-шара өтті
Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттеріне гендерлік саясат және қоғамдағы қыздардың рөлін арттыруға бағытталған «Қыз өссе-елдің көркі» атты іс-шара өтті.
Жиында қыздар арасындағы ерте жүктілік, денсаулық, өмір қауіпсіздігі жайында маңызды ақпараттар берілді.
Кездесуге, Еңбекші АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Әсела Төребай, Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Айтбековна, №11 қалалық емханасының гинеколог дәрігері Айжан Нурлановна, №3 қалалық емханасының психолог маманы Әлия Аңсағандыққызы қатысып, студенттерді мазалаған сұрақтарға жауап берді. Қыздар арасындағы ерте жүктіліктің салдары, денсаулыққа зияны, өмірге қауіптілігі туралы ақпарат беріліп, оларды ересек өмірде дұрыс жолға бағыттау біздің мақсатымыз дейді мамандар. Қыздар арасында жат қылықтардың алдын алу, тәрбиелі, білімді болып, гигиеналық тазалықты дұрыс және күнделікті сақтауға үйрету бойынша, өз бойын, ойын дөрекіліктен сақтандыру, инабатты болып өсуге бағытталған іс шарадан қатысушылар құнды тағылымды ақпараттар алды.
Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құқығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясаты сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені де жасырын емес.
Әйел – «от басы, ошақ қасы» дейтін ұғым көшпелі дәуірде қалды. Рас, қазақ әйелі ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің жұмыстарына баулып отырған. Ол түсінікті де. Алайда, егер қолынан келсе, нәзік жандылардың билікке араласуына әбден болады. Қазір тарихи сахнада ғылым, білім, техника, ақпарат, сауаттылық заманы. Ерлердің ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Әйел көлікті де жүргізе алады, ұшақты да басқарады. Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіншілігі жеткілікті, өйткені саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Болашақта интеллектуалды ұлт боламыз десек, бізге байыпты гендерлік саясат қажет.
Ақ жаулықты аналарға деген құрмет сонау ата-бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін келе жатқан тәрбиенің ең басты құндылығы болып табылады.
Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын ұсынды.