Шымкент: Қала мектептерінде жұмыс істейтін 17 771 мұғалім медициналық қарап-тексеруден өткен және жұмысқа рұқсаты бар

Жақын арада күміс қоңырау соғылып, мектептердің есіктері оқушыларға айқара ашылады. Бұл қуанышты сәтті көптеген ата-аналар мен балалар асыға күтеді. Біз, өз кезегімізде, Сіздердің балаларыңыздың денсаулығының қауіпсіздігіне қамқорлық көрсете отырып, білім беру объектілеріне қойылатын талаптармен таныстырғымыз келеді.
Жаңа 2022-2023 оқу жылының басталуы қарсаңында Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру объектілеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бар екенін ескертеді, онда меншік нысанына қарамастан барлық талаптар көрсетілген.
Жаңа оқу жылының басында Шымкент қаласында 190 мектепте шамамен 242 525 бала білім алатын болады.
Қала мектептерінде жұмыс істейтін 17 771 мұғалім медициналық қарап-тексеруден өткен және жұмысқа рұқсаты бар.
Осы санитариялық қағидаларға сәйкес білім беру объектілерінің аумағы қоршалып, аумағында функционалдық қатысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмеуі тиіс. Объектілер ауыз сумен, ыстық сумен, кәріз жүйесімен, жарықпен, желдетумен, жылытумен қамтамасыз етілуі және жақсы жағдайда болуы керек.
Барлық үй-жайлар таза болуы тиіс. Дезинфекциялық ерітінділерді пайдалану арқылы күнделікті тазалау жұмыстары жүргізіліп, жәндіктердің, кенелердің және кеміргіштердің болуына жол бермеу үшін дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар жүргізілуі қажет.
Жиһаздар мен заттардың жабдықталуы балалардың өсу және жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек.
Қала мектептеріндегі асханаларда жеке кәсіпкерлер жұмыс атқарады, олар балаларды қауіпсіз әрі сапалы тамақпен қамтамасыз етуі тиіс. Объектілерде басшы бекіткен перспективтік мәзір жасалады. Тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын қабылдау, олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады. Сүзбе, айран, кілегей қосылған кондитерлік өнімдер, қуырылған өнімдер, қаймақ пен майонез қосылған салаттар, тәтті алкогольсіз сусындар, фастфудтарды өндіруге және сатуға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ, пастерленбеген сүт, термиялық өңдеусіз сүзбе және қаймақ, йодталмаған тұз және темірі бар витаминдер, минералмен байытылмаған (фортификацияланбаған) бидай ұнын пайдалануға рұқсат етілмейді.
Күнделікті медициналық қызметкер немесе жауапты маман дайындалған тағамның сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Бракеражды комиссияның тамақтану сапасын бағалауы кезеңмен жүзеге асырылады, комиссия құрамы міндетті түрде медициналық қызметкер, әкімшілік, өндіріс басшысы, ұйымның өкілін және ата-аналар комитетінің өкілін қоса отырып, объекті басшысының бұйрығымен айқындалады.
Күн сайын аспаз нақты ас мәзіріне сәйкес, дайын өнімнің күнделікті үлгілерін ас блогында қалдыруы керек.
Өткен 2021-2022 оқу жылында Шымкент қаласы бойынша 91 мектеп ерекше тәртіппен тексеріліп, 54 мектепте жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, анықталған санитариялық қағидаларды бұзу фактілері бойынша жалпы сомасы 22 242 998 теңгеге 139 әкімшілік айыппұл салынды.
2022 жылғы тамыз айының басында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Шымкент қаласы білім басқармасының, мектеп директорлары мен қызметкерлерінің қатысуымен семинар өткізді.
Семинар «Мектептердің жаңа 2022-2023 оқу жылына дайындығы. КВИ-ға қарсы вакцинация және ревакцинация» тақырыбында өтті.
Жиында мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, жалпы білім беру ұйымдарында санитариялық қағидалардың сақталуы және мектеп қызметкерлерінің КВИ-ге қарсы вакцинация және ревакцинация алу қажеттілігі мәселелері талқыланды.
Семинар соңында барлық қатысушыларға мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 коронавирусты инфекциясының пайда болуы мен таралуының алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізу ұсынылды.
Жалпы білім беру объектілері санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің күшейтілген бақылауында.