“Stop bullying” тақырыбында семинар-тренинг өтті
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Stop bullying» тақырыбындағы «Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру» орталығы жастарының қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың, девиантты мінез-құлықтың алдын алу және дұрыс психологиялық ахуал қалыптастыру.
Кездесу барысында жастарға «кибербуллинг» пен «буллинг» жайлы толыққанды мағлұматтар айттылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды. Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоққы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.
Қазақстанда әрбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады. Ең сорақысы, мұның арты өліммен аяқталуы да мүмкін. Жеткіншектердің арасындағы буллингтің қалай алдын алуға болады. Ағылшын тілінен аударғанда “bullying” «кемсіту», “келемеждеу”, “қорлау” деген мағынаны білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, буллинг дегеніміз – адамның өзгеге күш көрсетуі, қорлауы.
Мектептегі буллинг қайдан пайда болады? Психолог буллингтің кез келген түрі қауіпті екенін айтады. Маманның сөзінше, қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен технологиялардың жаңа деңгейге шығуы балалар арасындағы буллингті де жаңа деңгейге көтерген. Буллинг көп жағдайда физикалық қысымнан ғана тұрмайды. Көбінесе психологиялық шабуыл: қорлау, жаман сөздер айту, келемеждеу, өсек пен өтірік сөз тарату және шеттетуден тұрады.