Шымкент

Гендерлік саясат – мемлекет пен қоғам ісі

Отбасындағы зорлық-зомбылық қазіргі қоғамның әлеуметтік мәселесі. Соңғы жылдары Қазақстан гендерлік саясатты іске асыруда белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізді. Ең алдымен, бұл әйелдер әлеуетін мақсатты дамытуда, еңбек қызметінде, бизнесте, саясатта және мемлекеттік басқаруда ерлер мен әйелдердің тең көрінісі үшін жағдай жасалуда, әйелдердің сапалы білім мен денсаулық сақтауға тең қол жеткізуі қалыптасуда, сондай-ақ ананы жан-жақты қорғау қолға алынған. Осыған орай «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы» өкілдері №9 Шымкент қалалық емхана мамандарымен бірлесіп, «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» атты Жаңаталап тұрғын алабының аналарымен еркін форматта кездесу ұйымдастырды.

– Шалғай аймақта тұратын аналармен байланыс орнатып, кездесу ұйымдастырудамыз. Мұндай кездесулердің мақсаты, қиын жағдайға түскен аналарды қолдау, үйде отырып қалған көп балалы аналарды жұмысқа, кәсіпке баулу, олардың құқықтары мен мансаптық өсу, кәсіби дайындық мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ, отбасы мен жұмыс арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау, – дейді «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының ассоциациясының» маманы Айжан Молдабаева. ⠀

Кездесуде «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы сөз сөйледі. Жиналған жас аналар психолог, гинеколог мамандарға сұрақ қойып, кеңес алды.

Cоңғы жылдары еліміз батыстық үлгідегі гендерлік саясатты пайдаланып, қыз-келіншектердің құқығын қорғап, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісімен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Осының нәтижесінде елімізде гендерлік саясаты сәтті орындалып, билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектердің саны арта түскені де жасырын емес. Әйел – «от басы, ошақ қасы» дейтін ұғым көшпелі дәуірде қалды. Рас, қазақ әйелі ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп қараған. Қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің жұмыстарына баулып отырған. Ол түсінікті де.

Back to top button